Серік Шәпкенов Жылыой ауданындағы жағдайды бақылауға алды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Жылыой ауданына барып, тасқын суға қарсы жұмысты бақылауға алды.

Бүгін, 4 сәуірде Жылыой ауданында төтенше жағдай енгізілген еді. Осы аудандағы Қарағай ауылына су кірііп, 156 тұрғын эвакуацияланды.
Аудан орталығы – Құлсары қаласынан Мақат ауданы арқылы Атырауға қатынайтын жолдың бір бөлігін су басты. Сол себептен, Құлсары қаласы мен Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жол бөлігі жабылып, көлік қатынасы толық тоқтады.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерді тасқын судан қорғау жұмысымен танысты. Содан кейін жедел штабтың жиынын өткізді.
«Ауданда бөгет салу жұмысына техника санын көбейтіп, әр уческеде кезекшілік ұйымдастыру керек. Елді мекендерді тасқын судан қорғайтын бөгет салу жұмыстарын күшейткен жөн. Су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылғандарды жанар-жағармаймен, қажетті құрал-жабдықпен және тамақпен қамту қажет», - деп тапсырма берді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілгенін жазған едік.
Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды.
Бүгін Атырау облысының тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланған еді.
Кейін Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басқанын жазған едік. Сондай-ақ Атырау полицейлері Қарағай ауылындағы үйлерді тәулік бойы бақылауға алды.