Серік Жұманғарин америкалық бизнес үшін перспективалы салаларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен АҚШ іскерлік дөңгелек үстелі барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин америкалық серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін бірқатар перспективалы бағытты атады.

Серік Жұманғарин
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Министрдің айтуынша, бірінші кезекте шикізатты терең өңдеу саласының әлеуеті жоғары. Қазақстанның металл, көмірсутек және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоры мыс, алюминий, темір, сирек жер металдары, мұнай-химия, мұнай өңдеу, көмір химиясы және бидай өңдеу бағыттарында ауқымды мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл сектордағы ықтимал жобалардың жалпы көлемі шамамен 95 млрд АҚШ долларына бағаланады.

Сондай-ақ импортты алмастыру бағытына ерекше назар аударылып отыр. Серік Жұманғарин импорт көлемі 50 пайыздан асатын және жергіліктендіру экономикалық тұрғыдан тиімді салалар анықталғанын айтты.

- Қазіргі таңда жалпы құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын жүздеген жоба қалыптастырылған. Олардың басым бөлігін мемлекеттік қолдаусыз іске асыруға мүмкіндік бар,- деді министр.

Бұдан бөлек, Серік Жұманғарин инфрақұрылым саласында да ірі жобалар қарастырылғанын атап өтті.

- Ұлттық инвестициялық жоспар аясында жалпы құны 80 млрд АҚШ долларына жуық 200-ден астам жоба іске асырылмақ. Ал энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту бағдарламасы аясында электр энергиясын өндіру мен желілерді дамытуға қосымша 25 млрд АҚШ доллары бағытталады, - деді ол.

Сонымен қатар министр экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға мүдделі жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ бизнесі жаңа серіктестікке қадам басатынын жазғанбыз.