Серік Жұманғарин: Ең төменгі жалақыны көтеруге тырысамыз, уақыты келді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі 2027-2028 жылдарға шегерілгенін түсіндірді.
— Қаржыға байланысты. Қазір ғана бірқатар сұраққа жауап бергенде атап өттім. Біраз реформа — салық реформасы, қаржылық реформа басталды. Біріншіден — қаржылық тұрақтандыру. Келесі жылғы имплементацияның қалай болатынын қарау керек. Ең алдымен салықты қалай жинаймыз? Екіншіден, нарықтағы ішкі және сыртқы жағдай қалай болады? Сол себепті 1-жартыжылдықта 2027-2029 жылдарға арналған жаңа бюджетте осы мәселені қарастырамыз. Әрине, оны шешуге, көтеруге тырысамыз. Себебі уақыты келді. Бірақ, қалай, қаншаға көтеретінімізді реформа қорытындысы көрсетеді, — деді вице-премьер БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Серік Жұманғарин 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралатынын айтқан еді.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа жыл алдында азық-түлік бағасы қалай құбылатыны туралы пікір білдірді.