Серік Жұманғарин Таяу Шығыс туралы: Иран арқылы өтетін теміржолға үлкен жоспарымыз бар еді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Иран-Израиль текетіресінің Қазақстанның сыртқы саудасына қалай әсер етіп жатқанын айтты.

Серік Жұманғарин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Қазір болжам жасауға ерте. Жағдай қалай өзгеретінін күтіп отырмыз. Бейбіт келісімге қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Не жоғалтамыз дегенге келсек, бәрінен бұрын Иранға азық-түлік жеткіземіз. Бұл оқиға ол саудаға әсер етпейді деп ойлаймын. Қайткенде де халқына азық керек, үлкен ел деген сияқты. Бізді алаңдатып отырған жалғыз мәселе – логистика, - деді Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Әңгіме Иран теміржол арқылы өтетін транзиттік тасымал туралы болып отыр.

- Оңтүстікке апаратын жол Иран арқылы өтеді. Басқа теміржол жоқ. Бірақ ол жолмен әзірге соншалық көп тасымалдап отырған жоқпыз. Өйткені иран теміржолының жағдайы соншалық жақсы емес және станса ауыстыру мәселелері бар. Дегенмен үлкен жоспарларымыз болған. Сондықтан ахуалды жіті бақылаймыз, - деді вице-премьер.

Еске салсақ, Қытай Иран-Израиль текетіресіне әскери іс-қимыл арқылы киліккен АҚШ-тың әрекетін қатаң айыптаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар