Сеул әлемнің үздік үш қаласының бірі болмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Сеул билігі 2030 жылға қарай әлем қалаларының үздік үштігіне кіру үшін 86,1 трлн вон (64,3 млрд АҚШ доллары) жұмсап 100 жобаны іске асырмақ, деп хабарлайды Yonhap.
Қала әкімшілігінің жоспарына сәйкес, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған маңызды 100 бастаманың ішінде үйден 10 минуттық жерде спорт аймақтарын құру жобасы басты орын алады.
Сондай-ақ 500 мың жігіт-қызға жасанды интеллектпен жұмыс істейтін, түрлі қызметтерді қолдануға мүмкіндік беретін қоғамдық көлік билеттері таратылады. Қазір қалада жүргізушісіз қатынайтын 16 автобус бар, 2030 жылға қарай олардың саны 500-ге жетеді.
Тұрғын үй секторында Сеул бағаның жылдам өсу мәселесін шешу мақсатында 2031 жылға қарай 310 мың пәтер салып, мемлекеттік бағдарламалар аясында 130 мың пәтер береді.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея астанасы 2025 жылы Жапониядағы Mori Memorial Foundation қоры ұсынған Әлемдік көшбасшы қалалар индексінде 6-орынды иеленген. Сонда Лондон, Токио, Нью-Йорк, Париж және Сингапур әлемнің үздік бес қаласы атанған.
Mori Memorial Foundation үздік қалалар тізімін жасарда оларды экономикасына, ғылымына, мәдени өміріне, тұрғындардың өмір сүру сапасына, қоршаған ортасына және нарығына қарай бағалайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея 2027 жылдан бастап министрліктерді Сеулден көшіретінін хабарлаған едік.
Нұрлан Тұяқов