Сеулде астаналық ЭКСПО-2017 көрмесінің тұсаукесері өтті

Қонақтарға ЭКСПО-ға билет тегін үлестіріліп, олар әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің көрме аясында өтетін жеке ән кешіне шақырылды.
Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы Роза Асанбаеваның айтуынша, жыл сайын елімізге Оңтүстік Кореядан 22 мың саяхатшы қонақ болады. Болжам бойынша, ЭКСПО-ға екі миллион адам келеді.
«Біз болжамдардың орындалатынына сенгім келеді. Шет елдерде әріптестеріміз бар. Олар ЭКСПО көрмесінің өзіне, біздің бірегей туристік ресурсымызға қызығып отыр. Шет елдерде өзіміз өткізіп жүрген роуд-шоуларда бұған көзіміз жетіп жүр. Қазақстан дегенде әріптестеріміздің ықыласы ерекше. Соның ішінде туризм үшін жасап жатқан игі істерге қызыға қарайды. Астанада өтетін халықаралық көрме біздің отандастарымызға да, Жер шарына да маңызды серпіліс әкелетіні сөзсіз»,-деді «Астана EXPO-2017» ҰҚ туризм департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаева.
«Біздің компания қазақстандық турагенттіктермен 20 жылдан астам жұмыс істейді. Биыл 600-700 турист жібергіміз келеді. Кореяда демалыс уақыты аз болғандықтан, олар көп жерлерге бара алмайды. Көбісі Алматыға жол тартады, бізде Алма-арасанға, Шымбұлаққа, Медеуге және Көктөбеге турлар бар. Биыл ЭКСПО Астанада болғандықтан, барлығы бас қалаға жол тартайын деп отыр. Бұған дейін Қазақстандағы ЭКСПО жайында мағлұмат аз еді, бүгінгі тұсаукесерден көп ақпарат алдық»,- туристік компания басшысы Ли Сон Ён.