Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сеулде өтетін саммиттің аясында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың АҚШ Президенті Б. Обамамен жеке кездесуі жоспарлануда

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Сеулде өтетін ядролық қауіпсіздік бойынша ғаламдық саммиттің аясында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың АҚШ Президенті Б. Обамамен жеке кездесуі жоспарлануда.

Сеулде өтетін саммиттің аясында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың АҚШ Президенті Б. Обамамен жеке кездесуі жоспарлануда

Бұл туралы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

26-27 наурызда Сеулде ядролық қауіпсіздік бойынша 2-ші ғаламдық саммит өтеді.

А. Әбибуллаевтың сөзіне қарағанда, саммит барысында физикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесін талқылау жоспарлануда. Сонымен қатар ядролық материалдардың заңсыз айналымына қарсы тұру және ядролық лаңкестік қауіп-қатерімен күрес бойынша бірлескен шараларды белгілеу мәселелері қаралады деп күтілуде.

Саммиттің жұмысына 53 мемлекет пен үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 4 басшысы қатысады.  Ядролық энергияның адамның игілігіндегі үлесін және «жасыл өсім» деп аталатын жобаны қолдауды ескере отырып, бұл форум қауіпсіз және ядролық лаңкестіктен азат әлем үшін ортақ мақсаттарға қол жеткізуде пікірсайыстар үшін пайдалы алаң болмақ. Қарусыздану және ядролық қаруды таратпау  мәселесіне Қазақстан зор маңыз беріп отырғанын ескере отырып, алдағы саммитке  Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысып, ядролық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, қазақстандық тәжірибе жөнінде сөз сөйлеуі жоспарлануда, сондай-ақ ядролық материалдардың бақылаусыз тарауын болдырмаудың қолда бар тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстары айтылады.

Сеулде өтетін саммитте Вашингтондағы бірінші саммитті өткізгеннен кейін қатысушы-мемлекеттердің көшбасшылары тарапынан қол жеткізілген ілгерілеу жайы қаралуы жоспарлануда.  Қатысушылар халықаралық ынтымақтастық және ұлттық шараларды нығайту бағытымен саммит үдерісінің кеңеюі мен тереңдей түсуіне ден қояды. Саммиттің қорытындысы бойынша мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары коммюнике қабылдайды. Онда жоспарланғандай, тараптар ядролық қауіпсіздік саласында одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгілейді.

Сонымен қатар кездесу барысында Президент Н. Назарбаевтың мемлекет және үкімет басшыларымен бірқатар кездесулері өтеді. Н. Назарбаев пен АҚШ Президенті Б. Обаманың жеке кездесуі жоспарлануда.  Онда тараптар бүкіл әлемде қаруды жаппай қысқарту және ядролық лаңкестіктің қауіп-қатеріне қарсы тұру, қарусыздандыру идеяларын ілгері жылжытудағы Қазақстанның рөлі талқыланатын болады.  Саммитті өткізумен қатар арнайы шаралар да іске асырылатын болады. Атап айтқанда ядролық қауіпсіздік бойынша симпозиум және ядролық өнеркәсіп мәселесі бойынша саммит өткізіледі. Оған «ҚазАтомӨнеркәсіп» және Қазақстан ұлттық ядролық орталығының бірінші басшылары қатысады.