Сеулге сапар: Қазақ-корей байланысы қай бағытта дамиды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен Сеулге мемлекеттік сапарын бастады. Сапар барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігінің мән-жайы талқыланып, Кореяның ірі компаниялары жетекшілерімен кездесу өтпек. Сонымен қатар «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммиті жоспарланған. Келіссөздер ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін, тараптар қандай келісім жасайды? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы тарқатты.

Сеулге сапар: Қазақ-корей байланысы қай бағытта дамиды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қазақ-корей қарым-қатынасы

Қазақстан Президенті Корея Республикасына алғаш мемлекеттік сапарын бес жыл бұрын, 2021 жылы жасаған болатын. Сол кезде жүзеге асқан жобалар екі елдің технология, энергетика және логистика салаларына біршама серпін берді. Экономикалық көрсеткіштер артып, сауда-саттық байланыс нығайды.

Мысалы, 2025 жылы арадағы тауар айналымы 4,4 млрд долларға жетсе, биыл жарты жылда 1,3 млрд долларды құрады. Экономикалық зерттеулер институтының дерегінше, жартыжылдықта Қазақстаннан Кореяға 479,4 млн долларға (93,6%) – шикі мұнай, 28,6 млн долларға (5,6%) – ферроқорытпа, 3,4 млн долларға (0,65%) – титан және одан жасалған бұйымдарды экспорттаған.

Кореядан импортталатын тауарлардың ішінде автомобиль мен электротехниканың үлесі жоғары. Серіктес ел Қазақстанға:

· автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (19,7%),

· автомобиль шанақтары (12,8%),

· пульттер, панельдер және басқа да электр жабдықтарын (9%) жеткізген.

Сеул может войти в тройку лучших городов мира
Фото: Vacations & Travel

Жалпы соңғы жиырма жылда Оңтүстік Кореяның Қазақстанға салған инвестицияларының жалпы көлемі 10 млрд доллардан асқан. Ал биыл Корея Республикасы ең ірі 10 сауда серіктесіміздің қатарына енді. Бұл корей бизнес өкілдерінің қызығушылығы жоғары екенін білдіреді.

Narxoz университеті Гуманитарлық мектебінің PhD, қауымдастырылған профессоры Ермек Тоқтаровтың пікірінше, Қазақстан үшін Кореяның маңызы жоғары. Себебі достас елде жоғары технология мен өнеркәсіптік тәжірибе мол. Бастысы, серіктестерін жаһандық өндірістік тізбекке қосуға ықпалы жетерлік.

– Сондықтан ынтымақтастықтың ең перспективалы формуласы қазақстандық ресурстық және транзиттік базаны кореялық технологиялармен, капиталмен және өнеркәсіптік құзыреттермен ұштастыруға негізделеді, — деп есептейді Ермек Тоқтаров.

Қазір елімізде Оңтүстік Корея капиталымен 700-ден астам компания жұмыс істейді, ал тараптар жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 жобаны бірлесіп әзірлеп жатыр. Басым бағыттардың қатарында – машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым және технологиялық кооперация бар.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Азия зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтың пікірінше, Корея үшін Қазақстанмен әріптестіктің ұтымды тұсы бар. Егер кореялық өндіріс Қазақстанда шоғырланса, Орталық Азияның ауқымды нарығына шығу жеңіл.

– Қазақстан Кореяға шикізат базасын, энергетикалық ресурстарды, транзиттік инфрақұрылымды және Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндігін ұсына алады. Ал Корея өз кезегінде технологияларды, өнеркәсіптік тәжірибе мен жабдықтарды бере алады. Ең тиімді үлгі бар: кореялық компаниялар Қазақстанда өндіріс пен өңдеу нысандарын орналастырып, кейін Орталық Азияның барлық нарығында жұмыс істеуі керек, – деді Айдар Құрмашев.

Корей кәсіпкерлері қай салаға келуі мүмкін?

Корея тарапы Қазақстандағы түрлі салада жұмыс істеуге құлықты. Шикізат ресурстары, энергетикалық инфрақұрылым, цифрлық трансформация, білім беру және ірі қалалық жобаларға ден қойып отыр. Соның ішінде, Alatau Smart City жобасының мәні зор.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихонның пікірінше, қазіргі уақытта кореялық тарап жобаның болашағына қатысты техникалық-экономикалық зерттеу жүргізіп жатыр. Сондықтан Алатау қаласына қатысты жобалар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мённың Сеулдегі кездесуінде сөз болады деген болжам басым.

Неліктен, себебі шілде айында Алатауда Кореяның озық ғылым және технологиялар институты (KAIST) филиалын құру жобасы таныстырылды. Сонымен қатар Qazaqstan Advanced Institute of Science and Technology (QAIST) жобасы Оңтүстік Кореядағы жетекші зерттеу университет үлгісі бойынша университет дамытуды көздеп отыр.

Екінші басым бағыт – автоөнеркәсіп. Өткен жылы Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидары мен кір жуғыш машиналарын шығара бастағанын білеміз. Өнімдер ең алдымен қазақстандық тұтынушыларға бағытталған болатын. Көлік жасаумен айналысатын өзге корейлік компаниялар Қазақстан нарығына енуге қызығушылық танытып келеді. Сарапшылардың болжамынша, Президент сапарында машина жасау саласындағы ауқымды келісімдерге куә болуымыз ықтимал.

Келесі кезек энергетикада. Қазір Түркістан облысында қуатты 1 000 МВт бу-газ электр станциясы салынып жатыр. Оны іске асыруға бас мердігер ретінде Оңтүстік Кореяның Doosan Enterbility компаниясы қатысады. Толық қуатқа шыққан соң станция 926,5 МВт қуат өндіріп, оңтүстік өңірлердің энергия қамтамасыз етуі қажет. Кейінгі жылдары энергетика саласындағы шетелдік инвестицияның артуын назарға алсақ, кореялық бизнес бұл салаға да дендеп енуі мүмкін.

– Президент Тоқаевтың сапары аса маңызды минералдар, энергетика, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, білім беру және инфрақұрылым сияқты салалардағы нақты бастамаларды ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихон.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихон
Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихон

Қос тарап адами ресурстарға да аса мән бермек. Әсіресе, қазақстандықтардың Кореяда ресми жұмыс істеуі жеңілдейтін күн жақын. Есте болса, жуырда Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қосылған еді. Алайда Қазақстан азаматтарын жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Оған дейін үкіметаралық меморандумға қол қойылып, Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығы ашылады. Президент сапары мұндай рәсімдердің жылдам аяқталуына түрткі болуы ғажап емес.

Айта кетейік, өткен жылы Оңтүстік Кореяда шамамен 15 мың қазақстандық жұмыс істеді, олардың 11 мыңға жуығының заңды мәртебесі болмаған. EPS бағдарламасы ресми іске қосылса, отандастарымыз өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы бағытында жұмыс істеуге рұқсат алады. Ол үшін E-9 визасы берілмек.

Үміткерлер корей тілінен тест тапсырып, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді. Жұмысшылар делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы іріктеледі. Әдетте E-9 визасы елге үш жыл мерзімге кіруге мүмкіндік сыйлайды, ал визаны ұзарту арқылы Оңтүстік Кореяда қалу мерзімін төрт жыл он айға дейін созуға болады.

C5+1: Корей танымындағы Орталық Азия

Орталық Азия мемлекеттері үшін C5+1 форматын дипломатиялық тірек ретінде қарастыратыны жасырын емес. Жаһандық державалармен тең дәрежеде келіссөз жүргізу үшін Орталық Азияның бес мемлекеті бір үстелде отыруы маңызды екені бүгінде еш дәлелдеуді қажет етпейді. Бұған дейін осы форматтың көмегімен АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, ЕО мемлекеттерімен ауқымды келісімдер жасалды. Ендігі бағыт – Оңтүстік Корея.

Сеулдің бұл үрдіске үн қатуы тегін емес. Себебі Оңтүстік Кореяда «K-Silk Road» (Жібек жолы) стратегиясы бар. 2024 жылы Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде Орталық Азиямен байланыс жаңа арнаға бұрылатынын мәлімдеп, оны K-Silk Road стратегиясы деп атаған. Оны Орталық Азияның инфрақұрылымы, көлік-логистикасы, экономикасы талқыланатын алаң ретінде бағалаған. Енді, міне, екі жылдан соң Орталық Азия өз форматымен бастамаға жаңа сипат беруде.

Қазір әлемдік ахуал күрделі әрі оның мүмкіндігі де жоқ емес. АҚШ пен батыс елдерінің санкциялық саясаты, жаһандық жеткізу тізбектерінің үзілуі, логистикалық дағдарыс Орта дәліздің маңызын арттыра түсті.

Саясаттанушы Ермек Тоқтаровтың айтуынша, Қазақстанның саммиттен күтер ұстанымы айқын болуы қажет.

политолог Ермек Токтаров
Фото: Ермек Тоқтаровтың жеке мұрағатынан

– Қазақстан үшін жаңа форматтың құндылығы тағы бір «С5+1» алаңының пайда болуында емес. Саммиттің мақсаты Кореяны индустриялық жаңғырту бағытындағы негізгі серіктестердің біріне айналдыру мүмкіндігінде жатыр. Бізге шикізат пен дайын корей өнімін саудалау жеткіліксіз. Бізге бірлескен өндіріс, өңдеу, логистика және технология трансферті керек. Сонда ғана практикалық бағыт айқын көрінеді, – деді спикер.

Ал Айдар Құрмашев екіжақты саяси байланыс саммит аясында қабылданған шешімдерді соңына дейін жеткізуге жәрдемдесуі керек деп санайды. Себебі түпкі нәтиже қазіргі кәсіпорындардың жұмыс сапасына, экспорт-импорттың тұрақтылығына және қазақстандық компаниялардың әрекетіне байланысты.

Сарапшының пайымдауынша, саммит кезінде жан-жақты талқылау маңызды. Яғни өндіріс алаңын, бірлескен кәсіпорынның құрылымын, капитал көлемін, жабдықтарға жеткізу кестесін, технологияны беру шартын, мамандар даярлау келісімшартын айқындау қажет.

 эксперт КИСИ Айдар Курмашев
Фото: ҚСЗИ

– Сондықтан саммиттің нәтижесін бір-екі жылдан кейін бағалау керек. Егер осы уақытқа дейін қаржыландырылған жобалар нәтиже берсе, онда саммит табысты өтті деуге негіз бар. Компаниялар келіскен жабдықтарды әкелсе, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалса, жұмыс орындары құрылса, біздің жоспар орындалғаны, – дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев.

Қазір Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас тұтас ОА-ның болашағына қатысты пайымды қалыптастырады десек, артық емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапарында жүзеге асатын инновациялық, технологиялық келісімдер өңірдің ілгерілеуіне жол ашпақ.

Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихонның сөзінше, Президенттің Сеулге сапары Корея мен Орталық Азия өңірі арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызға ие.

– Қазақстанда маңызды табиғи қор мен ресурстық база бар. Ал Корея Республикасында озық өңдеу технологиялары, өндірістік қуат және ішкі сұраныс жоғары. Дәл осы өзара тиімді тұс екі ел үшін үлкен мүмкіндік береді. Біз ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықтан нақты бизнес әріптестік пен коммерциялық жобаларға көшкіміз келеді, – деп толықтырды елші.

Демек, Сеул үшін «Корея Республикасы — Орталық Азия» алғашқы саммиті ең алдымен мемлекет басшылары деңгейіндегі тұрақты байланыс қана емес, Қазақстанмен әріптестіктің жаңа кезеңіне айналмақ. Сапар сәтті аяқталса, бірнеше жылда бірлескен өндірістің қатары артып, технологиялық ынтымақтастықтың келесі кезеңіне аяқ басуымыз мүмкін.