Сеутаға заңсыз өткен мигранттардың жартысынан астамы Мароккоға оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Испанияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Испанияның Сеута қаласына заңсыз өткен шамамен 50 мың мигранттың жартысынан астамы Мароккоға кері оралды, деп хабарлайды Anadolu.
Министрліктің бағалауынша, таңертеңнен бастап сағат 13:30-ға дейін 25 мыңнан астам мигрант Сеутапен қоштасып, Мароккоға қайтқан.
Заңсыз мигранттардың басым бөлігін жас ер адамдар. Испанияда заңды мәртебе алудың мүмкіндігі жоқ екенін түсінген олар Сеутада түнді ашық аспан астында өткізіп, жұма күні елдеріне қайта бастады.
Сонымен қатар заңсыз мигранттардың шағын топтары Марокконың Фнидек жағалауын қоршаған толқын сындырғыштар арқылы немесе теңізді жүзіп өтіп, Сеутаға жету әрекетін жалғастырып жатыр. Бұл ретте олар Марокко қауіпсіздік күштерінің айтарлықтай қарсылығына тап болмай отыр.
Шекара маңындағы төбелерге жиналған жастарды полиция көзден жас ағызатын газ бен суатқыштардың көмегімен таратуға тырысуда.
Түнде тас лақтыру мен автокөліктерді өртеу оқиғаларына байланысты шекара маңындағы аумақ көлік қозғалысы үшін жабылып, әлі де ашылған жоқ.
Бұған дейін Сеута билігі анклавтағы көші-қон дағдарысын реттеу үшін Мадридтен төтенше жағдай режимін жариялап, шұғыл шаралар қабылдауды сұраған болатын. Соңғы екі аптада өңірге 2 мың заңсыз мигрант кірген.
Жергілікті биліктің мәліметінше, теңіз бағыты арқылы тәулігіне шамамен 300 заңсыз шекара бұзу әрекеті тіркелуде және бұл көрсеткіш артып келеді. Соңғы он екі айда осы бағытпен өтпек болған 60-тан астам адам қаза тапқан.
Айта кетелік Испания мигранттар легіне байланысты Сеутаға әскер жіберетіні туралы жазған едік.