Шабал Бейсекова жайлы бір үзік сыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарыарқаның жомарт даласы қандай кең болса, сауықшыл халқымыздың шырқай салатын сазды да назды әндері соншалықты кең тынысты, әуезді де әсерлі.
Кезінде «Қазақтың даласы ән салып тұрғандай» деп, белгілі өнер зерттеушісі Потанин айтқандай, жүздеген жылдық тарихы мен өнері бар қазақ елі дарынға кенде емес. Қазақ өнерінің іргетасын қалап, даңқын асқақтатқан аяулы қыздарымыздың бірі Жаңаарқа өңірінің түлегі Шабал Бейсекова еді.
Бала кезінен әуелете ән салып, жүрген ортасын думанға бөлейтін Шабал өнерге құштар болып өсті. Қазақи тәрбиеде өскен, халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңірген жас қыз ең алғаш Алматыға келгенде әке жолын қуып, мұғалімдер дайындайтын оқу орнына құжат тапсырған. Шабалдың өнерге бетбұрыс жасауына Ақмола қаласында оқыған мектебінде әншілер хорын басқарған ұстазының әсері ерекше болады. Көшеде кездейсоқ кездескен орыс әйелінің: «Шабал, сен келіп қапсың ғой, қай оқуға түсесің? Менің саған айтар кеңесім, сенің дауысың жақсы, музыка училещесіне неге бармадың», - дегені оған қатты батты. Ол сол бойда құжатын қайта алып Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға тапсырған. Ол кезде Шабал он бесте те ғана еді. Емтихан алушылар «жасың жетпей тұр, дауысың жақсы екен, әзірше музыкадан сауатыңды аша тұр, кейін бірер жылдан соң әнге дайындармыз» деген. Содан бастап Шабал өнер ордасында сиқырлы да сазды муза өнерінің сырына қанықты. Кейінірек білсе, емтихан алушылардың ішінде белгілі композиторлар Ахмет Жұбанов пен Евгений Брусиловский де бар-тын.
Шабал Бейсекованың сол кездегі ән өнерінен дәріс алған ұстазы Дианди деген итальян әйелі еді. Әншінің дауыс мүмкіндігін ашып, сауаттылыққа үйреткен, әншілік жолын ашқан да осы кісі болатын.
Шабал Бейсекова училищені тамамдаған соң ол Мәскеуге оқуға барады. Әрі қарай әңгімені әншінің өмірлік жары Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев ағамыздың естелігінен біле отырайық:
«Шабалмен алғаш 1936 жылы Мәскеу консерваториясында таныстық. Аққұба талдырмаш қыз ұяң екен. Бірақ дауысы Күләштың дауысына ұқсайды, әнді тамылжыта орындайды екен. Біз ол кезде жоғары курс студентіміз.
Соғыс басталғанда консерватория Куйбышевке көшіп кетіп біз оқуымызды Алматыда бітірдік. Шабал ақылды болатын, содан көңіл қосып үйлі-баранды болдық. Ол сабырлылығымен, ақылдылығымен мені үнемі жолға салып, тәрбиелеп отыратын.»
Шабал жоғарғы оқу орнын толық бітіре алмаса да, білімін тәжірибемен жалғастырды. 1941 жылы жылдың күзінде Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрына қызметке орналасты. Ол кезде театрдың алғашқы әншілері Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Үрия Тұрдығұлова, ағайынды Рашид пен Мүсілім Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев пен Манарбек Ержанов сынды әншілер басты рольдермен шығып, көрермен ықыласына бөленді. Небары жиырма екі жастағы жас әншіге осындай өнер майталмандарымен үзеңгілес болып, сахнада бейне сомдау меймандарымен үзеңгілес болып, сахнада бейне сомдау оңайға түсе қойған. Осы орайда сол кезде театр режиссеры болған Құрманбек Жандарбековтың есімін құрметпен атау абзал. Құрекең әр әншіні ерекше баулып, сахнаға жетектеп шығаратын. Ол кісі өз ісіне шын берілген, өнер үшін күш-жігерін аямаған біртуар дарын иесі еді.
Шабал өзін «кішкентайым» деп әрдайым еркелетіп, қамқор біле білген, тумаса да туғандай Күләш апасынан тәлім-тәрбие алды. Сөйте жүріп «талаптыға нұр жауар» дегендей, талмас талап пен қажырлы еңбектің арқасында ең алғаш Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің ролін сәтті ойнап, көрермен көңілінен шықты.
Шабал: Мен театрға келгенде құшақ жайып қарсы алған Күләш еді. Бұл кісі мен үшін аса қадірлі жан. «Қыз Жібекте» қара сөз айту қиын. Сонда Күләш апай: «кішкентай, бері келші, дауысыңды көтеріп сөйлеші, реплика болғанда дауысың естілмейді. Залдың артқы жағында құлағы шала еститін адам отыр деп ойла да қаттырақ сөйле» дейтін. Келесі спектакльде бәрі ойдағыдай болғанда «бәрі дұрыс болды» деп қуанатын. Құрекең сахнада дұрыс ойнамасаң «сене түк шықпайды» деп күйгелектенген болса, спектакль сәтті өтсе: «бері кел, маңдайыңнан сүйейін» деп ризашылығын білдіретін.Ол кезде үлкен кісілердің ұрысқаны, тәрбиелегені заң сияқты көрінетін», - деп еді алтын қорымыздағы арнайы хабардың бірінде.
Міне, соңынан ерген шәкірттеріне қамқор болған аға-апалар осындай еді.
Кәукен ағамыз Ұлы Отан соғысынан оралғанша бес жылдың жүзі болады. Өнерлі де сымбатты жігітті жан-тәнімен сүйген Шабал Кәукеннің ата-анасымен, ағасы Шәкенмен танысып етене араласып кетеді. Тумысынан қарапайым да жуас қыз отбасынана көрген қайырымдылығын әлі оң босағасынан аттамаған киелі үйдің иелерінен аяған жоқ. Әрдайым қолұшын беріп, шаруаларына көмектесіп тұрды. Соғыс бітіп туған жерге жауынгерлер орала бастады. Солардың ішінде зарыға күткен аяулы жаны Кәукен де бар еді. Сөйтіп, қуаныш қуанышқа ұласты. Екі жастың тойын Шәкен ағасы жасады. Тойға келген қонақ бесеу-ақ еді. Олардың ішінде әдебиет алыптары Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, өнер тарланы Шәкен Айманов пен Қалибек Қуанышбеков бар еді:
«Кәукен ағамыз өз естелігінде: «Үйлену тойымызға бес адам келгенмен әрқайсысы жүз адамға татитын қазақтың бетке ұстар игі жақсылары еді» деп еске алады. Бәлкім, осы кісілердің ақ батасы ма, өнер иелері жарты ғасыр сыйластықта өмір сүрді.
Жылдар алыстаған сайын өткен аяулы болып көрінеді, өнер адамының шоқтығы биіктей тұседі. Енді Шабал апамыздың Күләшпен достығы, татулығы жайлы Кәукен ағамыздың естелігінде былай дейді:
Кәукен: Күләш Шабалды жақсы көретін. Шабалдың мінезі жақсы еді. Сөйлеген сөзін ойлап сөйлейтін. Күләш үйінде тәуір дәм болса: «кішкентай, сенің сыбағаң әлі тосып тұр, неге келіп жеп кетпейсің» деп соғым сойса сақтап отыратын. Ол Күләшпен сондай туыс болып кетті. Кейін театрға Бибігүл деген әнші келді. Шабал Бибігүлді туған сіңлісіндей қадірледі.
Осы жайлы әншінің ойын білсек деймін.
Бибігүл: Мен Шабал Бейсекова жақсы көретінмін. Шәкеңмен алғаш танысқаным. Елуінші жылдары Гуноның «Ромео және Джульетта» спектаклінде көрдім. Ол Джульетта, Байғали Ромеоны айтты. Қашан болсын дауысын тыңдайтынмын. Содан кейін ол кісіні «Ажарда», «Қыз Жібекте» көп тыңдадым. Әлі есімде оны сахнада 1971 жыл. Мен театрға қайта келгенде «Қыз Жібекте» Шәкең Дүрияны ойнады. Әдемі алқаларын, сырғаларын көрсетіп, кейбірін маған да тағып, әнді қалай айту керек, бәрін түсіндіріп жүретін.
Шабал ешқашан қабағын шытып мінез көрсетпейтін. Кейде театрда біреулер сөзге келіп қалса, солардың арасына түсіп «Болмашы нәрсеге бола суыспаңдар» деп ақыл-кеңес айтып, екі адамды татуластыруға тырысатын. Жүрген жерінде адамдарға жақсылық ойлап, ауызбіршілікке шақыратын».
Шабал Қазақстанның халық әртіс Ғарифолла Құрманғалиевтың тобымен елге көп шықты, өз өнерін көрсетті. Ауыл-ауылды аралап концерт қойғанда түскен үйінде сол үйдің адамындай шаруаға араласып, қолұшын беретін. Риза болған ауыл адамдары «өзі әртіске ұқсамайды, тым қарапайым» деп таңқалысатын. Ондайда бірге барған әріптестері «сен әртіс емессің» десіп қалжыңдасатын.
Шабал Бейсекованың «Қыз Жібектен» кейін ойнаған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «Ажардың» ролі. Операның либереттосын өзі жазғаннан кейін Мұхтар Әуезов спектакльге дайындық кезінде тыңдап отыратын.
Шабал Бейсекованың ең сәтті шығарған бейнесі - Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сараның ролі. Сахнада осы рольді шебер сомдағаны үшін Шабал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген құрметті атаққа ие болады. Әрине, күрделі операларда оның әуенін келтірумен қоса образға кіріп, орындалған рольдің драмалық мағынасын ашу, айтар ойын анық жеткізу әншінің басты парызы десек, Шабал өзінің кәсіби дәрежеде шыңдалған әнші екенін сахнаға шыққан сайын дәлелдеп көрермен ықыласына бөленді.
1943 жыл. Тәшкентте өтетін Орта Азия мен Қазақстанның фестивалінде Қазақтың Абай атындағы опера және балет театры «Абай» операсын қойып, соңынан концерт берді. Сол кезде Шабал ұстазы Күләштің репертуарынан Мұқан Төлебаевтың «Тос мені тос» әнін және бір халық әнін орындайды. Концерт біткен соң Күләш: «Кішкентай, сен әндерді сондай жақсы орындадың, бірақ сен маған көп еліктей берме, әр әншінің өзіндік мәнері, орындаушылық шеберлігі болу керек», - деп ескерткені есінде. Шабал қызарып кетеді: «Күлеке, сіз кешіріңізші, Ахмет ағай айт деген соң мен сіздің репертуардағы әнді айтып қойдым» деп төмен қарайды. «О, не дегенің, кішкентай, ән халықтікі, айта бер, несіне қысыласың?» - деп өмірінде қызғануды білмейтін Күләш апасы маңдайынан сүйген. Қазақ өнеріне деген инабат, кеңпейілділіктің белгісі осы емес пе?
Шабал соғыс жылдары бір топ қазақ әртістерімен Панфилов дивизиясына барып концерт қойып, Отан қорғаған жауынгер жерлестеріне туған жердің сәлемін жеткізді, ән шырқап бір сәт көңілдерін көтерді.
Ол кезде қазақ әншілерінде ұлттық киім жоқтың қасы. Күләш апасының берген костюмін концерттің бірінші бөлімінде Рахима Мұсабекова кисе, екінші бөлімінде Шабал киіп әндерін айтатын. Сол кездегі адамдардың кеңпейілділігі мен дархандығы, бір-біріне деген ықыласы ерекше еді ғой.
Шабалдың өз әріптестерінің ішінде қадірлейтін адамы Манарбек Ержанов еді. Манекең Шабалмен бірге «Қыз Жібекте» Шегенің, «Алтын астықта» Далабайдың ролін шебер ойнады. Сол кездегі әншілер қауымы табиғи дарын Манарбектің қабілетіне қайран қалатын.
Қазақ өнері мен әдебиетінің майталмандары 1949 жылы Мәскеуде өтетін Қазақстанның онкүндігіне дайындалады. Бірнеше күн жол жүріп олар Мәскеуге жетеді. Өнер шеберлерінің ішінде Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Роза Жаманова, Манарбек Ержанов, Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Кәукен мен Шабал, Шәкен бар еді.
Күләш Кремльдің үлкен залында өнер көрсеткенде Шабалды үнемі жанынан қалдырмай, кішкентайын бағдарламаға қатыстырып жүрді.
Үлкеннен қамқорлық көрген Шабал өзінің өнер жалғасындай соңынан ерген Бибігүлге ерекше ілтипатпен қарайтын. Тумысынан пендешіліктен ада, адами асыл қасиетті бойына жинақтай білген Шабал отбасында да ерін сыйлаған, жаны жомарт, қонақжай, дастарханы берекелі, ұрпағы өнегелі жан еді. Соңынан ерген қос қарлығашы Ғайни мен Баян ана тәрбиесінің жемісі де болғандай. Бүгінде анасының алғаш оқыған Петр Чайковский атындағы музыка училищесінде ұстаздық еткен олар халық өнеріне ерекше қамқорлықпен қарайды.
Шабал Бейсекова Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсында Айсұлудың, Брусиловскийдің «Амангелді» операсында «Банудың», «Гвардия» операсында Айнаның, Қожамияровтың «Назигумында» Назигумның, Палиашвилидің «Даисиінде» Мароның, Жигановтың «Алтын астығында» Алтыншаштың және тағы да басқа рольдерді сәтті сомдаған өнер иесі. Сондай-ақ Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», Нұрғиса Тілендиевтің «Көктем таңы», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ» әндерімен қоса лирикаға толы халық әндерін шебер орындаған табиғи дарын.
Шабал апамыздың әншілігі табиғи қойылған дауыс үндестігімен ерекше. Шабал Бейсекова - өмірден өз орнын тауып, қазақ өнерінің майталмандарымен сахна төрінде дәріс алған, Күләштай халқымыздың бұлбұл әншісінен көп үйренген бақытты әншілеріміздің бірі. Өнерде бағы жанып, еңбегі бағаланған Шабал Бейсекова Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту» және екінші дәрежелі Қызыл Жұлдыз ордендерінің иегері. Қазақ өнерінің, оның ішінде қазақ опеhасының іргетасын қалаған өнер саңлақтарының бірі.
Шабал апамыз жайлы Кәукен Кенжетаевтың «Асылдар мен ардақтылар» атты жинағында арнайы мақала бар. Қазақтың жарық жұлдыздарының бірі Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекова жайлы айтылар ойлар мен толғаныстар әлі де жетерлік.
Шабал әндері халқымыздың келер ұрпаққа сыйлар асыл мұрасы, баға жетпес қазынасы. Осылай өткенімізді еске алып, келешекке үлгі-өнеге ету біздің асыл борышымыз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Алтын Иманбаева