16:12, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бөлінген 120 млрд. теңгенің кем дегенде 30 млрд. теңгесі Астана қаласына беріледі - қала әкімі
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында республикамыздағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бөлінген 120 млрд. теңгенің кем дегенде 30 млрд. теңгесі Астана қаласына беріледі.
Бұл туралы бүгін елордада Астана әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры және «Атамекен одағы» арасында дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды көздейтін тиісті меморандумға қол қойылғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шағын және орта бизнес қазіргі таңда, әсіресе республикамыздың екі өңірінде, атап айтқанда Алматы мен Астана қалаларында қанатын кеңге жайғандығына және бұл сала бойынша қазынаға салық аталмыш екі қаладан көп түсетініне тоқталған И. Тасмағамбетов: «Пайыздық арақатынас бойынша мұны (30 млрд. теңгенің бөлінгені ? ред.) дұрыс шешім деп санаймын», деді. Кәсіпкерлерге несие жылдық өсімі 14 пайыздан аспайтын ставкамен берілетін болады. Астана қаласы әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметінше, «Даму ? екінші деңгейлі банктер» және «Даму - өңірлер» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында, Астанадағы шағын және орта бизнесті дамытуға 23 млрд. теңге бағыталған. Бұл елорда бойынша аталмыш секторға арналған кредиттік ресурстардың жалпы көлемінің 36 пайызы. Нәтижесінде, 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы өнім шығарудың номиналдық өсімі 4,3 пайызға артқан. Осы тұста айта кетерлігі, 2008 жылы Астана қаласындағы қаржы ұйымдары шағын және орта бизнеске 64 млрд. теңге сомасындағы кредиттер берген, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 2 есеге аз.