Шахмат Олимпиадасы: Қазақстандық ойыншылар 6-турда қандай нәтиже көрсетті

шахмат
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан 45-ші шахмат Олимпиадасында (45th FIDE Chess Olympiad) еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы кезекті ойынын өткізді.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстан ерлер құрамасы (2513, №41) Оңтүстік Африка Республикасын (2302, №79) 3½–½ есебімен сенімді түрде жеңді. Жігіттеріміздің арасынан Махнёв, Нөгербек, Сүлейменов қарсыластарынан айласын асырса, Аңсат тең есепті қанағат тұтты.

Енді ерлеріміз Әзербайжанмен (2657, №12) бақ сынасады.

Әйелдер құрамасы болса (2373, №10), рейтинг жағынан төмен Кубаға (2215, №29) еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп: 4:0. Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман мен Амина Қайырбекова да қателікке жол бермеді.

Аруларымыз енді ТОП-10-дағы Әзербайжанмен (2398, №6) өзара мықтыны анықтайды.

Барлығы 183 елдің қатысуымен өтіп жатқан шахмат Олимпиадасында әйелдер құрамасы 10 ұпаймен 6-орында тұрса, ерлеріміз 8 ұпаймен 35-орында келеді.

Айта кетейік, бесінші турда жерлестеріміз Үндістан мен Румыния командаларымен шеберлік байқасты.

Алтынға үмітті Үндістанға қарсы ойында блиц түрлері бойынша 2 дүркін Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ғана жеңіске жеңіске жетіп, Ксения Балабаева тең түсті. Өкінішке қарай Меруерт Камалиденова мен Алуа Нұрман қарсыластарына есе жіберді.

Ал ерлер бәсекесінде Дениса Махнев, Рамазан Жалмаханов және 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек қарсыластарымен тең тарқасса, Алдияр Аңсат жеңілістің ащы дәмін тартты.

Соңғы жаңалықтар
telegram