Шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен Алматыға келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шахматтан әлем чемпионатының фавориті Магнус Карлсенді әуежайдан жас шахматшы Дилайла Сәдуақасова қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.
None

Дилайла блиц бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, 2019 жылғы Карпова кубогының иегері, Халықаралық шахмат федерациясының FIDE сыйлығының иегері.

Мұнымен қоса ол әлем чемпиондары туралы әңгімелейтін «Дилайламен шахмат хикаялары» атты бірегей мәдени-ағарту жобасын жасағаны үшін марапатталған.

Қонақты қарсы алуға келген әйелдер арасында Дилайла - жалғыз бала.

Айта кетсек, FIDE 2022 жылды шахматтағы әйелдер жылы деп жариялаған болатын.

«Мен Магнус Карлсеннің мансабына қайран қаламын және оның чемпион ретінде қалыптасуына әкесі үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Мені де отбасым үнемі қолдайды, олардың қолдауынсыз жетістікке жетпес едім. Мен Магнустан ғана емес, оның әкесінен де қолтаңба алдым», - дейді тоғыз жасар Дилайла.

Еске салсақ, шахматтан әлем чемпионаты Алматыда 2022 жылдың 25-30 желтоқсанында өтеді.

Әлемнің 50 елінің жетекші шахматшылары титулдар үшін таласады.

Турнирді ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Турнир Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтеді.

Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілмек. Жүлде қоры – $1 млн.

Магнус Карлсен 1990 жылы 30 қарашада дүниеге келген. Гроссмейстер (2004 жылдан бастап). Қазіргі әлем чемпионы (2013 жылдан бері ол 5 рет чемпион атанды және 2023 жылы өтетін Ян Непомнящий – Дин Лижэнь арасындағы жарыстың соңына дейін бұл титулды сақтайды).

Рапидтен үш дүркін әлем чемпионы (2014, 2015, 2019) және блицтен бес дүркін әлем чемпионы (2009, 2014, 2017, 2018, 2019).

Оның ең жоғары рейтингі – 2882 (2014 жылдың мамыры мен 2019 жылдың тамызы). Бұл - тарихтағы ең жоғары рейтинг.


Фото: Сергей Алексеенок

Соңғы жаңалықтар