18:22, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Шахталардағы апаттар мен адам өлімі азаяр емес ? ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Өткен жылы министрлік еліміздегі өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шараларды қолға алған болатын.

Бірақ оған қарамастан, шахталар мен өндірістік ошақтардағы апаттар мен адам өлімі азаяр емес. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен 2008 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы республикадағы өндірістік аймақтарда 62 адам қаза болып, 40 азамат ауыр жарақат алды. «Құтқарушылар Костенко атындағы шахтадан 136 адамды алып шығып, «Гефест» қауымдастығына қарасты «Батыс» шахтасынан 37 адамды құтқару жұмыстарына қатысты. Өткен жылы министрлік еліміздегі өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізген болатын. Өкінішке орай, оған қарамастан, шахталар мен өндірістік ошақтардағы апаттар мен адам өлімі азаяр емес», - дейді В.Божко. Министр атап көрсеткендей, өткен жылдың ішінде 77 мыңнан астам өндірістік нысандар тексеріліп, 216 мыңнан аса заң бұзушылықтар анықталған. Осының нәтижесінде 10 233 нысанның жұмысы тоқтатылып, 2058 азаматқа 44,7 млн. теңге көлемінде айыппұлдар салынды.