SHAIQAS 2026 чемпионаты қос мақсатты технологиялар саласындағы үздік инженерлерді анықтайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ұшқышсыз жүйелер, жерүсті робототехникасы, кибертехнологиялар және тактикалық дайындық бағыттарын қамтитын SHAIQAS 2026 чемпионаты өтеді.

а
Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл – Қазақстандағы қос мақсаттағы технологиялар саласындағы ұлттық акселерациялық бағдарламаның операторы Defence Tech Center ұйымдастыратын маңызды жоба.

Жоба Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық қолдауымен жүзеге асырылады. Чемпионаттың серіктестері қатарында робототехника бағытын дамытатын USTEM Foundation және ұшқышсыз ұшу жүйелері саласындағы бастамаларды іске асыратын Ashyq Aspan Foundation бар. Ал инфрақұрылымдық қолдауды халықаралық инновациялық кластер Astana Hub қамтамасыз етеді.

– Бұл – Қазақстандағы қос мақсаттағы технологиялар саласындағы ұлттық акселерациялық бағдарламаның операторы Defence Tech Center ұйымдастыратын маңызды іс-шара. Чемпионаттың мақсаты – болашағы зор инженерлік командаларды анықтап, олардың әзірлемелерін өнеркәсіпке енгізуге қолдау көрсету, – делінген хабарламада.

Чемпионатқа құрамында 5-тен 15 адамға дейін болатын аралас инженерлік командалар қатыса алады. Командалар жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және Қарулы күштер бөлімшелерінің қолдауымен құрылады.

Жарыс бағдарламасы төрт негізгі бағыттан тұрады: «Аспан», «Жер», «Киберқауіпсіздік» және «Тактикалық финал».

«Аспан» бағыты бойынша қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты тапсырмаларды орындайды. Олардың қатарында бір жинақтан 5 дюймдік FPV-дрон құрастыру, дрондармен жылдамдық жарысына қатысу және жүк тасымалдау міндеттері бар.

«Жер» бағыты жерүсті роботтандырылған платформаларды қолдануға негізделген. Қатысушылар манекендерді эвакуациялау және мина макеттерін орналастыру тапсырмаларын орындайды.

«Киберқауіпсіздік» кезеңінде қатысушылар арнайы киберполигон жағдайында әзірленген әртүрлі сценарийлер бойынша сынға түседі.

Тактикалық финалда бес инженерден тұратын команда кедергілер жолағында әрекет етеді. Бұл кезеңде қозғалмайтын нысандарға страйкбол қаруымен ату және тактикалық медицина элементтерін орындау көзделген.

– «Аспан» бағыты бойынша қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты тапсырмаларды орындайды. Олардың қатарында бір жинақтан 5 дюймдік FPV-дрон құрастыру, дрондармен жылдамдық жарысына қатысу және жүк тасымалдау міндеттері бар. Ал «Жер» бағыты бойынша жерүсті роботтандырылған платформаларды пайдалана отырып, манекендерді эвакуациялау және мина макеттерін орналастыру тапсырмалары орындалады, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

SHAIQAS 2026 чемпионатының күнтізбесіне сәйкес, командаларды тіркеу 1-15 маусым аралығында defencetech.kz сайты арқылы жүргізіледі. 16-25 маусым аралығында өтінімдер қаралып, инженерлік құжаттама негізінде финалист командалар іріктеледі. Финалға өткен командалардың тізімі 1 шілдеде жарияланады.

19-20 шілдеде финал алаңында міндетті екі күндік сынақ кезеңі өткізіледі. Бұл уақытта техниканы тексеру және қысқартылған далалық сынақтар ұйымдастырылады.

Ұлттық финал 14-15 тамыз күндері өтеді. Бірінші күні киберкезең мен 1/8 финал ойындары ұйымдастырылса, екінші күні ширек финалдар, жартылай финалдар, финалдық бәсекелер және марапаттау рәсімі өтеді.

Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар «Әуе жүйелерінің үздік инженерлік кешені», «Жерүсті жүйелерінің үздік инженерлік кешені» және «Киберқауіпсіздік саласындағы сыйлық» арнайы номинациялары белгіленген. Жүлделі орындарға ие болған командалардың ғылыми жетекшілері де арнайы марапаттарға ие болады.

Чемпионатқа қатысты толық ақпаратты Defence Tech Center ресми сайтынан алуға болады. Ұйымдастырушылар үшін байланыс поштасы – info@defencetech.kz. Defence Tech Center кеңселері Астанадағы ALEM AI Center мен Алматыдағы Офицерлер үйінде орналасқан.

Айта кетейік, қазақстандық полицейлер халықаралық киберқауіпсіздік жарысында топ жарды.