Шәкірт жүрегіне жол табу үшін әуелі мейірім керек – ұстаз
ОРАЛ. KAZINFORM – Мұғалімдер өздеріне жүктелген міндетті қалай сезінеді? Ұстаз болудың қадір-қасиеті қандай? Осы орайда Kazinform тілшісі Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Құсайыновамен тілдескен еді.
– Ләззат Серікқызы, мұғалімдік мамандықты, соның ішінде қазақ тілін таңдауға не түрткі болды?
– Әулетте төрт баламыз. Бәріміз де ұстаздық жолды таңдадық. Қызығы, әкем Серік Құсайынұлы – инженер, анам Сәуле Ғаллемқызы – есепші, бірақ біздің жүрегімізді жетелеген арна мейірім мен махаббатқа толы бағыт болды. Мен үшін бұл мамандық жай кәсіби таңдау емес. Әлі күнге есімде, бес жасымда балабақшаға барып жүргенімде, тәрбиеші апайыма қарап «Мен де осылай балалармен сөйлесіп, үйретсем ғой» деп қиялдайтынмын.
Бастауыш сыныпқа келгенде, ұстазымның сөзіне, қимылына еліктеп, сол кісінің орнын елестетінмін. Кейін жоғары сыныпқа өткенде, арманым айқындалып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға шын ниетіммен бекіндім.
Қазіргі кезде оқушыларыма: «5-6 жастағы арманыңызды іздеңіз, сіздің таза арманыңыз» деп айтып жүремін. «Тектіден текті туады, тектілік қанды қуады» дегендей, менің әкем кітапты жаны сүйіп оқитын. Үйде кітапханасы болды әрі өзі «Мәдениет және тұрмыс» (кейін «Парасат») сияқты журналдарға мақала жазатын. Өлең шығарып, ерекше көркем жазуымен қойын дәптеріне түсіретін. Сондықтан менің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуым әкемнен келген қасиет деп білемін. Әкемнің кітапханасындағы кітаптарды бала кезімде түгелге жуық оқып шықтым, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімімнен оқыған шығармаларымды талдаймын, түсінбеген сұрақтарымды қоюшы едім. Осы әдетке әбден үйренгенмін, күйбең тірлікпен жүріп кітап оқымай қалсам, құлазып, мазам қашып, бірнәрсе жетпейтіндей күй кешемін. Содан бір кітап оқығаннан кейін жаным рақаттанып қалады. Бұған анамның да үлесі зор, каникул уақытында кітапханадан кітап алып, оқуымызды қатаң қадағалайтын.

– Алғаш сыныпқа кірген сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Тұңғыш рет сынып табалдырығын аттаған сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Жәнібек ауданында өзім түлеп ұшқан Тайыр Жароков атындағы мектепке қайта келіп, ұстаз ретінде кіргенімнің өзі ерекше жауапкершілік жүктеді. Ыбырай Алтынсариннің «Балаларды оқытуға аш қасқырдай кірістім» деген сөзі бар ғой, дәл сол күйді бастан кештім. Алғаш берілген сыныбым – бесінші сынып. Бастауыштан енді өткен, көздері мөлдір, дүниеге сеніммен қарайтын балауса жүректер.
Сыныпқа кірген сәттен бастап әрқайсысының жүзін сақтап қалғым келді. Әр баланың мінезіне, жанарына, үнсіз қарым-қатынасына дейін мән беруге тырыстым. «Бұларды қалай оқытамын?» деген сұрақ емес, «Қалай жүрегіне дәл жол табамын?» деген ой мазалады. Сол үшін сабақта оларды еркін сөйлетуге, ойландыруға, шығармашылыққа жетелеуге күш салдым. Өлең жаздырдым, ой қостырдым, пікірін айтқыздым. Ал оқу дағдысы әлсіздеу балаларды сабақтан кейін қалдырып, бөлек дайындатып, кішкентай ғана алға жылжуын өзіме үлкен жеңіс санадым.

Ең алғаш менің сыныбым болған балалардың жетістігі мен үшін ерекше еді. Бір әріп қатесіз жазса да, бір сөйлемді сенімді оқыса да, қуанатынмын. Бүгінгі күнде түйгенім: алғашқы сыныбың ұстаздық тағдырыңның ең ыстық беті екен.
– Шәкірт жүрегіне жолды қалай табу керек деп ойлайсыз?
– Шәкірттің жүрегіне жол табу ең алдымен мейірімнен басталады. Мұғалім тек білім үйретуші емес, баланың жан дүниесін сезіне алатын, сенім сыйлап, қанат бітіруге көмектесетін адам болуы керек. Бала жүрегі – өте нәзік. Ондай жүрекке қатқыл бұйрықпен емес, жылы сөзбен, әділдікпен, шынайы адамдықпен ғана жақындай аласың. Өз тәжірибемде байқағаным: талап қоя білетін мұғалімді оқушы ешқашан жек көрмейді, керісінше құрметтейді. Бірақ ол талаптың артында суық қаталдық емес, «мен саған сенемін» деген қолдау тұруы керек. «Сенің қолыңнан келеді» деген қарапайым сөздің өзі талай баланың жолын ашып жібереді. Шәкірт жүрегіне жетудің тағы бір жолы – оны тыңдай білу. Оқушыны тек жауап беретін адам ретінде емес, өз ойы, өз уайымы, өз сезімі бар тұлға ретінде қабылдау маңызды. Кей кезде балаға ережеден бұрын жылы сөз, тапсырмадан бұрын жанашыр көзқарас керек болады. Міне, осындай кезде мұғалім мен оқушы арасындағы ресми қатынас шынайы адамдық байланысқа айналады. Сол байланыс орнаған жерде әрі білім бар, әрі тәрбие бар, ең бастысы – нәтиже бар.
2012 жылдан бері Оралдағы Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық етіп келемін.

– 2025 жылы оза шауып, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында екінші орын алған екенсіз. Бұл жұмысыңыз несімен ерекше?
– Бұл байқауға «Тілтаным» атты авторлық бағдарламамен қатыстым. Бағдарлама негізі – ұлттық құндылыққа сүйене отырып, қазақ тілін оқыту арқылы оқушының танымдық қабілетін дамыту және дүниетанымын кеңейту. Онда халық ауыз әдебиеті, ұлттық сөз мұрасы, шешендік сөздер, жыраулар тіліндегі құндылықтар, тұлғалардың сөйлеу тіліндегі ерекшелік жүйелі түрде енгізілген. Бағдарламаның ерекшелігі – тілді тек пән ретінде емес, ұлтты сақтау құралы ретінде қарастыруында. Баланың бойына ұлттық сөз қазынасын жастайынан сіңіру арқылы туған тіліне құрметі мен елге адалдығын қалыптастыруды көздейді. Осы бағыттағы мазмұны мен жүйелі құрылымы бағдарламаның үздіктер қатарынан көрінуіне негіз болды.
– Мемлекет басшысының мұғалімнің қоғамдағы беделін арттыру туралы атап өткені мәлім. Сонымен қатар 2026 жылы педагогтар құқығын көтеру бағытында заңнамаға өзгерістер енгізілмекші. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Қазіргі таңда мұғалім мәртебесін арттыру бағытында көтеріліп жатқан бастамаларды уақыт талабына сай, маңызды қадам деп есептеймін. Президенттің «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі тапсырмасы ұстаздардың кәсіби абыройын нақты қорғауға бағытталған. Мұғалімді өз міндетінен тыс жұмыстарға тартпау, артық жүктемені азайту, құқығын заңмен айқын бекіту – ұстаз мамандығына көрсетілген құрметтің белгісі. Сонымен қатар қағазбастылықты қысқарту, артық есеп пен талаптарды реттеу, мұғалімнің негізгі міндетіне – білім беру мен тәрбиеге толық көңіл бөлуіне жағдай жасау бастамалары да қуантады. Бұл кәсіби еркіндікке жетелеп, шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Жаңа жылдан не күтесіз?
– Жаңа жылдан мұғалімнің кәсіби өсуіне нақты мүмкіндіктер ашылып, білім беруде жаңа тыныс қалыптасады деп сенемін. Мектептің ішкі мәдениеті нығайып, әр ұстаз өз еңбегінің қадірін сезінетін орта орнықса, сол – ең үлкен жетістік. Ең бастысы, жаңа жыл мұғалімге жігер, оқушыға шабыт, мектепке сенім дарытатын жыл болса екен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшы-ұстаздың жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өз елінің тарихын терең білуі тиіс екендігі туралы айтқанын жазған едік.