Шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін еңбек өтілін есептеудің ерекше нормалары енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін жалақыға үстемеақы және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі жекелеген бөлімді енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, шекара маңындағы аумақтардың республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу, шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына бизнес-бастамаларды, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдауға гранттар беру, туризмді және трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту үшін жағдайлар жасау және тағы басқа бірқатар іс-шара көзделген», - деді Олжас Бектенов жауабында.

Оның атап өтуінше, экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін жалақыға үстемеақы және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. 

«Сондай-ақ аталған шекараларда автомобиль өткізу пункттерін жайластыру, жаңғырту және техникалық жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында шекара маңындағы ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2019-2023 жылдары республикалық бюджет қаражатынан 108,8 млрд теңге сомаға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша 1 795 жоба іске асырылды. Ал 2024 жылы 170 жобаны іске асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді. Бұл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жалпы қаржыландырудың 20 пайыздан астамын құрайды», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар