Шалғайдағы ауылда спорт кешені ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы ауданы 504 шаршы метрді құрайтын бұрынғы кинотеатр ғимаратын күрделі жөндеп, спорт кешеніне айналдыру үшін бюджеттен 34 млн. теңге бөлінді. Ғимараттың ашылу салтанатына Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиев, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов, сондай-ақ спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Енді заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта тайпақтық өрендер самбо, дзюдо, еркін күрес, үстел теннисі, волейбол, шағын футбол және басқа да спорт түрлерімен жүйелі айналыса алады.
Ашылу рәсімінен кейін самбодан Орал қаласы мен Тайпақ ауылдық құрама командалары арасында жолдастық белдесу ұйымдастырылды. Командалар жеті салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, қалалық палуандар жалпы есеп бойынша 5:2-мен жеңіске жетті.Орал қаласы құрамасының сапында әлем чемпиондары Қоныс Жетпісов, Ерболат Байбатыров, Азия чемпионы Медет Оңдағанов және Тайпақ өңірінен шыққан басқа да атақты палуандар өнер көрсетті.