Шамалғандағы апат: Балалар әлі де ауыр халде

3 және 5 жастағы қыздар Алматыдағы «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК-ға жеткізілген болатын.
«Қазір балалардың жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емдеу шаралары толық жүзеге асырылып жатыр», - деді орталық дәрігерлері.
Ал анасы Алматы қаласындағы №7 ауруханада жатыр. Бүгін ол жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылды.
«Әйелдің бірнеше жерінен сүйегі сынған. Миы шайқалған. Жағдайы «орташа» деп бағаланып отыр. Оны қазір отаға дайындап жатырмыз», - деді медицина мамандары.
Оқиға 15 қыркүйек күні болды. Кешкі сағат 19:30-да Шамалған стансасында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысты.
Автобус теміржол өткелінің үстінде тұрған. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен екі қызы.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.