Шежіре шырақшылары: Астана мемлекеттік архивінен репортаж

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының мемлекеттік архиві «Архив әлеміне инсайд» деген атаумен арнайы шара өткізіп, БАҚ өкілдері мен ғалымдарға мұрағат мамандарының қиын да қызғылықты жұмысын таныстырды. 

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Тарихшылар мен археологтар Нұра-Есіл өзендерінің аралығы ежелден қазақтың арғы бабаларына мекен болғанын жазып жүр. Одан бергі VII-VIII ғасырлардағы өркениеттің өзегі боп сақталған Бозоқ қалашығы, Тәуке ханның жаз жайлауы, Кенесары ханның ізі қалған қастерлі орындар Астана аумағының тарихи өлке екенін әйгілеп тұр.

Жібек жолының бойындағы Ақмолаға 1830 жылы Ресей империясы әскери бекініс салғаны да тарихтан белгілі. Ал 1869 жылы Ақмола облыс ретінде құрылса, 1920-1928 жылдары қала Ақмола губерниясының орталығы, 1939 жылдан Ақмола облысының орталығы, 1950 жылдары Тың өлкесінің орталығы болған. Осы деректердің бәрін дәйектеп тұрған қаланың мемлекеттік архиві бар.

Қала архивіндегі құжаттардың молдығы сондай, бас ғимаратқа сыймай, бір бөлігі бірнеше ғимаратта сақтаулы тұр. Біз экскурсия барысында мекеменің құжат қабылдау, сақтау, пайдалану жұмыстарымен таныстық.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Бас ғимараттағы қойма меңгерушісі Ілияс Жанаев мұндай 120 қор бар екенін айтады.

«Осы 120 қорда 90 мыңға жуық іс сақтаулы тұр. Ең ескі деген құжаттар 1912 жылы жазылған. Құжаттардың басым бөлігі – «Целинсельмаш», «Қазақсельмаш» сияқты кәсіпорындардың іс қағаздары. Архив құжаттарын бізден ең көп сұрайтын мекеме – мемлекеттік қызметтер бөлімі. Күніне 200-ден астам құжат береміз.

Қала тарихын түгендеу аясында Омбы, Орынбор, Томск, Санкт-Петербург, Қазан қалаларына барып, Астана қаласымен байланысты 1834 жылғы документтердің көшірмелерін әкелдік.

Дәл осындай бірнеше қоймамыз бар. Қоймадағы құжаттардың 16 пайызы сканер арқылы цифрландырылған. Жалпы 50 млн парақ бар. Соның бәрін цифрландырып шығуымыз керек. Ақмол уезінің құжаттары сияқты құнды қор бар. Бірінші кезекте соларды цифрландырып алғанбыз. Қалған құжаттар жоспар бойынша кезең-кезеңмен цифрландырыла береді», - деді ол.

Мекеме директоры Жангелді Бимолдин жалпы архивте қордың үш түрі болатынын айтады. Оның біріншісі – түпнұсқалар. Екіншісі – сақтық қор. Басқаша айтсақ, құжаттың фототаспадағы нұсқасы. Үшіншісі – цифрландырылған қолданыс қоры. Зерттеушілер мен оқырмандарға архив материалдары көбіне осы цифрландырылған қордан беріледі.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Заман дамып, бүкіл мазмұн электронды нұсқаға көшіп жатқан кезде архив мамандарының құжатты фототаспада сақтайтынына таңсық көрінді. Себебін сұрасақ, әзірге адам баласы ақпарат сақтаудың фототаспадан артық түрін ойлап таппаған екен.

«Мұндай таспадағы мазмұн 500-600 жыл бойы сақталады. Фототаспа алғаш пайда болған кезден сол күйі сақталып келе жатқан материалдар бар. Ал түпнұсқаның барлығы дерлік қағаз болғандықтан бүлінуі оңай. Тіпті цифрлық қордың өзін сақтаудың қиындықтары бар. Өйткені цифрлық нұсқадағы мазмұнды сақтайтын құралдар қазір жыл сайын жаңарып жатыр. Кезінде дискетте сақталған ақпаратты қазіргі заманауи компьтерлер оқымайды деген сияқты. Ал таспамен ондай қиындық туындамайды. Ең бастысы, бұл сақтық қор Астанадан басқа қалада сақталады. Өйткені қандай да бір төтенше жағдай болып, түпнұсқа қор мен цифрлық қор жоғалған жағдайда сақтық қорды басқа қаладан алып, бәрін қалпына келтіруге болады», - дейді директор.

Жангелді Бимолдин мекеменің заманауи қондырғылары мен құралдарын таныстырған кезде «Мұндай аппарат біз сияқты бірен-саран мекемеде ғана бар» деген сөзді жиі айтты.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Ескі құжатты шаң мен тозаңнан, көк пен бөгде иістен арылтатын арнайы натрилді жастықша мен «шаңсорғыш», жыртылған парақтарды ломинаттап, желімдейтін қондырғы, импортпен келетін картоннан құжат пішініне сай қорап құрайтын кескіш кешен, түптелген құжаттарды кітапша күйінде сканерлейтін арнайы құрылғы, А1, А0 форматына дейінгі жалпақ, қалыңдығы 5 сантиметрге дейінгі кескіндерді сканерлейтін қондырғы, 1 минутта А4 форматындағы құжаттың 360 парағын сканерлейтін құрылғы. Мұның бәрі мекемеге «Архив-2025» бағдарламасының аясында, 2019 жылдан бастап алынған. 

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

«Құран мәтіні жазылған мына кітапшалар шамамен 1890 жылдары Қазан қаласынан басылып шыққан. Ғазиз Тұрмағамбетқызы дейтін адамның жеке мұрағатынан алдық. 10 кітапшадан тұратын бір құран кітабы. Бұдан әрі осы күйінде сақталуы қиын болғандықтан, түптеуінен ажыратып, тұтас бір кітап етіп қаттап шығамыз. Жаңа көрсеткен құралдардың көмегімен ойық жерін бүтіндеп, жыртық жерін ломинатпен желімдейміз. Реставрция жұмысы химиялық қоспаларсыз болмайды. Сол қоспалар адам ағзасына өтіп кетпеу үшін зиянды иістерді сіңіретін жылдымалы құрал бар», - дейді рестврация қызметі бөлімінің басшысы Айгүл Бағдәулетова.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

Сканер пайда болып, құжаттар цифрландырылғаннан бері мұрағатшылардың жұмысы біраз жеңілдеген. Бірақ сөз басында қоймалардағы құжаттың басым бөлігі әлі цифрланып болмағанын айттық. Мұндай құжаттарды іздеуге жауапты мамандардың көбі жер ортасынан асқан, тәжірибелі мамандар екенін аңғардық.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform/Есімжан Нақтыбай

«КСРО ыдырағаннан кейін Ақмола өңірінен тарихи отандарына қайтқан өзге ұлт өкілдері көп. Солар зейнетке шығар кезде, ұрпақтары мұрагерлік құжаттар ресімдеген кезде, осы сияқты түрлі қажеттіліктер бойынша бізге сұрау салады. Ондай құжаттардың кейбірі әлі цифрландырылмаған болуы мүмкін. Сондай құжаттарды табу үшін бірнеше сағат жұмсайтын кездер болады. Өйткені қордағы құжаттардың қатаң сақталатын реті, санаты, тізбесі бар. Миллиондаған парақтың ішінен іздеген жалғыз парақты табу үшін компьютердегі базалық мәліметтерді зерделей отырып, қай қордың, қай бөлімінде сақталуы мүмкін екенін топшылаймыз. Оның өзінде топшылаған болжамың дөп түссе, жақсы. Әйтпесе басқа санаттарды ақтаруға тура келеді. Сонда бір құжатты табу үшін бірнеше мекемеге, өз ішімізде бірнеше бөлімге хат жазып, сұрау саламыз. Көнекөз мамандар болмаса, ескі құжаттарды қайдан іздеуге болатынын нұсқайтын адамдар болмас еді. Сондықтан мұнда буын сабақтастығы аса маңызды», - дейді мұрағатшы Мариям Байназарова.

Астана архивінің ыждаһатты мамандары қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісіне де атсалысыпты.

Астана қаласының мемлекеттік архиві
Фото: Kazinform

«Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысының 31 томдығы жарық көргенін білесіздер. Осының 23-томын әзірлеуге біздегі архив құжаттары пайдаланылды. Жуықта 39 томы шығуы керек. Соның тағы екі томы біздің архив құжаттары негізінде әзірленді. Сол жұмысқа өзім де атсалысып, ішкі комиссияға мүше болдым. Түрлі маңызды тарихи деректер алдымыздан өтті. Мысалы, Баянауыл өңірінде жасаған әйгілі Шормановтардың айдауда кетіп бара жатып, осы Ақмола төңірегінде аялдағанын дәлелдейтін, жоғары жаққа жазған өтініштерін көрдім», - дейді ғылыми зерттеу және ақпараттық түсіндіру қызметінің басшысы Ғазиза Исахан.

Соңғы жаңалықтар