Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шаңды дауыл, нөсер жаңбыр және 41 градусқа дейінгі аптап ыстық: 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 29 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялап, Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жариялады.

Шаңды дауыл, нөсер жаңбыр және 41 градусқа дейінгі аптап ыстық:  16 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Коллаж: ЖИ

Астана қаласында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.

Алматы қаласында төтенше өрт қаупі сақталады.

Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман күтіледі. Солтүстік-батыс және солтүстік желдің екпіні секундына 15–20 метрге, күндіз кей жерлерде 25 метрге дейін жетеді. Облыстың солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының тау бөктерінде күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Таулы аудандарда солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Күндіз өңірде ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігінде, батысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысының батысы мен солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыс желі оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді. Облыстың батысында 35 градусқа дейін аптап ыстық болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстігі мен батысында күндіз бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында жоғары, ал батысында, шығысында және солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Солтүстік желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Батысында күндіз 36 градусқа дейін ыстық болады. Өңірдің батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында түнде жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және таулы аймақтарында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл болжанады. Түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, кей жерлерде 23 метрге жетеді. Өңірде төтенше, ал шығысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Шығысында желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Облыста жоғары, ал батысында төтенше өрт қаупі күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында таңертең және күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Батысында күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады. Шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың батысында, шығысында және орталығында жоғары, ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғады. Солтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Облыстың батысы мен солтүстігінде жоғары, ал солтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Облыстың шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең шығысында тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін, кей жерлерде 25 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысының батысында күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады.

Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін, таулы асуларда 23–28 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 40–41 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады, ал шығысы мен оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі күтіледі.