Шанхай ынтымақтастық ұйымы - Жібек жолын қайта жаңғырту мүмкіндігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихы Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттерінің осыдан жиырма жыл бұрынғы кездесуінен бастау алады.
Ал, 2001 жылы аталған елдер көшбасшылары ХХI ғасырдағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздеу барысында қабылдаған сындарлы стратегиялық шешім - ШЫҰ-ны құру туралы декларацияның нәтижесінде көптарапты өңірлік үнқатысу алаңы өмірге жолдама алған еді. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің биылғы мерейтойлық саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылар мен қонақтарды ШЫҰ-ның 15 жылдығымен құттықтап, бұл басқосудың жаһандық сын-қатерлер мен қауіптің көбейген кезінде өтіп жатқанын, 2016-2018 жылдарға арналған «үш зұлмат қатерімен» күрес жолында ынтымақтасу бағдарламасын тиімді іске асыру ұйымның осынау сын-қатерлерге лайықты жауабы бола алатынын атап өтті.- Біз ШЫҰ-ның халықаралық терроризмге бірлесе қарсы тұру туралы мәлімдемесін әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз. ШЫҰ-ның экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясын әзірлеу және қабылдауды өзекті қадам деп білеміз. Діни экстремизмді бейбітшіл исламмен және басқа да діндермен шатастырмау қажет. Биылғы мамырда Қазақстан Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Дін бейбітшілік үшін» деген тақырыптағы жоғары деңгейлі диалогқа бастамашылық жасап, Астанада «Дін терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы 2017-2022 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы күрес стратегиясының және оның іс-қимыл бағдарламасының қабылдануына қолдау білдірді.Елбасы ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның кіруі ұйым дамуының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің, оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі артта түскендігінің көрсеткіші екенін атап өтті.,- Болашақта ШЫҰ қатарына Иранның қабылдану ықтималдығы біздің өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріміздің аясын кеңейтеді. Елдердің жаңадан мүшелікке кіретінін ескерсек, ШЫҰ Еуразияның 60 пайыздан астам аумағын, жер шары тұрғындарының 45 пайызын, әлемдегі 19 пайыздан астам ішкі жалпы өнімді қамтиды. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана мен Бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру бастамасын көтерген едім. Мұндағы негізгі элемент - Еуразияның тораптық орталықтарын Жібек жолының тарихи бағдарларын қайта жаңғырту арқылы инфрақұрылымдық тұрғыдан тоғыстыру, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Осы ретте Қазақстан Президенті бірқатар бағыттар бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруды, оның ішінде ЕАЭО және Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белбеуі» жобасын ұштастыруды ұсынды.- ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзит-көлік хабын құруды ұсынамын. Қазақстан өз тарапынан «Жібек жолының экономикалық белбеуін» үйлесімді түрде толықтыратын «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісті. Біз құрған «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді түрде пайдаланатын кез келді деп санаймыз. Ол тәуелсіз құқықтық жүйе мен жеңілдетілген салық режімі бар өңірлік қаржылық-инвестициялық хаб болуға тиіс. Өңірдің макроэкономикалық дамуын жеделдету үшін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Сауда-экономикалық және қаржылық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту болашақта ШЫҰ аясында Еркін сауда аймағын құру үшін қажетті жағдай қалыптастырады, - деді Елбасы.Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысушыларды Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ШЫҰ ынтымақтастығының тұжырымдамасы жобасын және іс-қимыл жоспарын әзірлеу бағытында күш-жігерді еселей түсуге шақырды.- ХХI ғасырдағы жаһандық тренд «жасыл» эконо¬миканы дамыту болып отыр. Бұл саладағы ынтымақ¬тастықты дамытуға келесі жылдың жазында Астанада «Болашақтың энергиясы» атауымен өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қуатты серпін беретін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қатысушылар мен саммит қонақтарын Астана қаласында өтетін «ЭКСПО - 2017» көрмесіне шақырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы өңірлік және халықаралық мәсе¬лелерге тоқтала келіп, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтары сақталып отырғанын айтты.- Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде Ауған¬стандағы тұрақтылықты қолдаудың зор маңызы бар. Кабулдың жалпыұлттық диалогты реттеу және саяси реформалар жүргізу жөніндегі шараларын құптаймыз. Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қатысушы ел ретінде КХДР-ның ядролық бағдарламасы жөніндегі алты тараптық келіссөзді жаңғыртуды жақтайды. Жалпы, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымына сайланған жағдайда, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуге ниетті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға¬лық ету сынды жоғары миссияны Қазақстанның зор жауапкершілікпен қабылдайтынын атап өтті.- Біз осы жылдары өзбек тарапы жүргізген орасан ауқымды жұмысты жалғастырып, ШЫҰ-ны дамыту мен нығайту, сондай-ақ оның әлемдегі рөлі мен беделін арттыру ісіне өз үлесімізді қосу ниетіндеміз. Қазақстан төрағалығының басымдығы бар бағыттары - өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзит-көлік әлеуетін іске асыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды ілгерілету. Астанада 2017 жылғы 8-9 маусымда өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті қорытынды іс-шара болады, - деді Мемлекет басшысы.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысқаннан кейін қазақстандық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Елбасы Ташкент басқосуын ШЫҰ-ның маңызды, тарихи мәні бар саммиттерінің бірі деп атап өтті. «Қазақ¬стан Қытаймен шекараға қатысты аумақтық мә¬се¬леле¬рін шешіп жатқан бес республиканың қатарын¬да Ұйымды құрудың бастамашыларының бірі ретінде оның бастауында тұрды. Қазіргі басым бағытының бірі эко¬номикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналатын біздің Ұйым экономикалық және саяси жағынан маңызды әлемдік ойыншыға айналды», - деді Мемлекет басшысы.Ташкент отырысының басты қорытындыларына тоқтала келе, Қазақстан Президенті саммит аясында Үндістан мен Пәкістанның Ұйымға кіруі жөніндегі негізгі құжаттарға қол қойылғанын айтты. «Үндістан мен Пәкістанның қосылуының арқасында ұйым Еуразияның көп бөлігін, жер шары тұрғындарының жартысын және әлем экономикасының 20 пайызын қамтитын одан да зор жаһандық құрылымға айналды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік-логистика пунктері арқылы тоғысуы, елдеріміздің экономикалық шекараларының ашылуы және Ұлы Жібек жолының жаңғыртылуы Қазақстанға болашақта зор басымдықтар береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Сонымен қатар саммит аясында өткен екіжақты келіссөздердің негізгі нәтижелері туралы Елбасы: «Біз бүгін ҚХР төрағасымен кездесу кезінде елімізді индустрияландыруда маңызды рөл атқаратын 50-ден астам бірлескен кәсіпорын құру перспективаларын қарастырдық. Ауғанстан Президентімен келіссөздер барысында сол елдегі жағдай талқыланды. Бүгінде Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына қолдау көрсетуін жалғастыруда. Ауғанстанға 150 маман қайта оралып, олар таяуда жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар біз еліміздің жоғары оқу орындарына жыл сайын 50 адамнан қабылдап, Ауғанстан экономикасының қайта қалпына келуіне көмек көрсетудеміз», - деп атап өтті.Елбасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңе¬сінің келесі саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Аста¬нада өтетінін хабарлады. Сондай-ақ саммит қоры-тын¬дыларына қанағаттанатынын айтып, оның еліміз үшін дер кезінде өтіп отырған және аса маңызды шара екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар¬ға қол қойылды.