Шанхайда аптап ыстық ұзақтығы бойынша жүз жылдық рекорд жаңарды

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Қытайдың шығысындағы Шанхай қаласында қатарынан 25-ші күн бойы ауа температурасы Цельсий бойынша 35 градустан жоғары болып тіркелді, деп хабарлайды Синьхуа.

Аптап ыстық Германияға жетті
Фото: Рixabay

Осылайша, қала тарихындағы үздіксіз ыстық күндердің ең ұзақ кезеңі бойынша шамамен жүз жыл бұрын орнатылған рекорд жаңартылды.

Шанхай қаласының метеорологиялық қызметінің мәліметінше, алдыңғы рекорд 1926 жылы тіркелген. Ол кезде аптап 22 шілдеден 14 тамызға дейін жалғасып, қатарынан 24 күн бойы ауа температурасы 35 градустан түспеген.

Бұған қоса, биылғы жылдың өзінде Шанхайда жалпы 44 күн ыстық болған.

Биылғы жылы алғашқы аптап ыстық күн 17 маусымда тіркелген — бұл соңғы жылдардағы орташа көрсеткіштен шамамен 10 күнге ерте. Тамыз айындағы ыстық ерекше күшті болды: соңғы 30 күннің ішінде 26 күн ауа температурасы жоғары болған. Бұл өткен жылы тіркелген тамыз айындағы тарихи рекордпен сәйкес келеді.

Метеоролог Чжу Сюэяньнің айтуынша, аптаптың ұзаққа созылуына Тынық мұхитының солтүстік-батыс бөлігіндегі субтропикалық жоғары қысым жүйесінің аномалды қозғалысы себеп. Оның айтуынша, тамыз айының басынан бастап субтропикалық антициклон қайта күшейіп, Янцзы өзені атырауының үстінде тұрақтанып қалған, бұл өңірде жоғары температураның сақталуына қолайлы жағдай туғызған.

Бұған дейін Испаниядағы орман өрті рекордтық деңгейге жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар