Шанхайда жасанды интеллектіні өндіріске енгізетін мамандар даярланады

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхайда өндірісте жасанды интеллект енгізетін инженерлер даярлау бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Бейжіңдегі Kazinform тілшісі жергілікті билікке сілтеме жасап.

Шанхай запускает программу подготовки инженеров для внедрения ИИ в производство
Фото: Синьхуа

Шанхай билігі ірі тілдік және нейрондық модельдерді экономиканың нақты секторына интеграциялай алатын инженерлерді даярлауға бағытталған «3+3+3» бағдарламасын бекітті.

Бағдарлама үш санаттағы мамандарды қамтиды. Олар — шешім қабылдау сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары, инженерлер және жоғары оқу орындарының студенттері. Басты міндет — алгоритмдерді әзірлеу мен оларды өндірісте іс жүзінде қолдану арасындағы технологиялық алшақтықты жою.

Мұндай инженерлерді коммерциялық мақсатта қолданудың тиімділігін Jincheng Technology компаниясының тәжірибесі көрсетіп отыр. Қазір оның 30 қызметкерден тұратын штаты үздіксіз және дискретті өндіріс салаларында ондаған жобаны жүзеге асырған.

Осы бағыттағы нәтижелі жобалардың бірі Chuanning Biotechnology кәсіпорнында «ЖИ-инженерді» енгізу болды. Жүйе ферментация процестерін 99,9% дәлдікпен болжайды. Соның нәтижесінде бір айда өндіріс көлемі 5%-ға артқан. Бұл көрсеткіш зауыт қуатының соңғы бес жылдағы жиынтық өсімінен де жоғары.

Шанхайда бұл бағытты Shiyuan Technology компаниясы да дамытып жатыр. Компания баспа платаларын бақылау кезінде жабдықты қайта баптау уақытын бірнеше сағаттан 55 секундқа дейін қысқартты. Ал машина жасау саласындағы Zhenhua Heavy Industries алыбы дәнекерлеу ақауларын онлайн анықтайтын жасанды интеллект жүйесін әзірлеп жатыр.

Бұған дейін Қытай жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты жаңа ережелер енгізгенін жазған болатынбыз.