Шапатовтар отбасы Ақсуда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «ТНК Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының еңбек әулеттерінің бірі Шапатовтар отбасы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысады, деп хабарлады АФЗ.
None
None

Шапатовтардың ферроқорытпа зауытындағы жалпы еңбек өтілі - жүз жылдан асады. Әулет отағасы - Айдархан Шапатов Ақсуға келіп, бастапқыда құрылыс саласында еңбек етеді, 1968 жылы зауытқа екінші цехтың электр монтері болып орналасады. Осы жерде қырық жылдан астам уақыт еңбек етті. Оның жұбайы да осында зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді.

Айдархан мен Үміт Шапатовтардың үш баласы бар. Олар да ата-анасының жолын қуды. Ұлдары Қайсар Айдарханұлы әскерге дейін энерготехникумды аяқтап, зауытқа әскерден келген соң 1991 жылы монтажшы болып орналасады. Өндірісте жүріп, жоғары білім алады. Біраз уақыттан кейін шебер болып тағайындалады. 2010 жылдан бастап жөндеу-құрылыс цехының бастығы.

Ортаншы қызы Сәуле 1992 жылы орталық зауыт зертханасына лаборант болып орналасты. Бүгінде рентгенспектральдық топтың аға инженері. «Бала кезден зауыт жайлы қызықты әңгімелерді естіп өстім, - деді ол, - отбасыда, достардың, туыстардың арасында өндіріс жайлы әңгімелер жиі айтылатын. Сондықтан да болар, осы кәсіпорында жұмыс істеп жүргенім. Ол үшін еш өкінбеймін. «Әкеміз еңбекқор жан. Бізді де соған үйретті, - деді С. Шапатова. - әкемнің кеңестерін тыңдап өстік. Соның арқасында өмірде көп нәрсеге қол жеткіздік. Біздің балаларымыз да осы зауыт тарихында өз есімдерін қалдырса дейміз».

Зауытта Сәуленің күйеуі Ақылбек Әбенов те жұмыс істейді. Ол электр-газ дәнекерлеуші. Кіші қыздары Назгүл де экономист мамандығын таңдады, ол «Еуразиялық энергетикалық корпорациясында» қызмет етеді.

Осы ерекше еңбексүйгіштік, тамаша отбасылық қарым-қатынас республикалық байқаудың қалалық кезеңіне өтуіне себеп болды. Облыстық тур Павлодарда маусымда өтеді. Байқау ел Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасылық мәртебені арттыру мақсатында өтуде.

Соңғы жаңалықтар