Шардара су қоймасын жағалай бөгет пен жол салынуда

ШЫМКЕНТ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Шардара су қоймасын жағалай бөгет пен жол салынуда.

Шардара су қоймасын жағалай бөгет пен жол салынуда

Нысанның құны 2 млрд. теңгеден асады, қаржыландыру ҚР бюджеті есебінен іске асырылуда. 

Ұзындығы шамамен 36 шақырым болатын 7-8 метрлік бөгет пен асфальтталған жол су қойманың жағдайын инспекциялау үшін қажет. Сонымен қатар ол су қойманың оңитүстік жағалауында орналасқан Арнасай шлюзін жөндеуден өткізу үшін керек. «Ол жерде шлюз-реттегіш бар. Көлікпен бару мүмкін емес, жол жоқ. Жөндеу жұмыстарын өткізетін топ тек жаяу ғана жете алады. Ал қысқы уақытта, Шардара су қоймасы үдемелі көкжиекке жеткен кезде жаяу жүргіншілердің өзі әзер өтеді», - деді құрылыс учаскесінің басшысы Тоқтамыс Молдағалиев.

Негізінен бұл жерде бөгет пен жол бар болған. Алайда шекараны белгілегеннен кейін Шардара су қоймасын жағалай жүретін жолдың бір бөлігі Өзбекстанның аумағында қалып қойды. Сондықтан да жаңа нысанның құрылысы жайлы шешім қабылданды. Арнасай шлюзі - маңызды стратегиялық нысан болып табылады. Қысқы уақытта Шардара су қоймасы Сырдария өзенінен 5 млрд. текше метр су жинайды, ол жазғы маусымда жер пайданалушылардың кәдесіне жаратылады. Шлюз Шардара су қоймасы ернеуіне жақындап толған кезде артық суды Өзбекстанда орналасқан Арнасай ойпатына жіберетін тоспа үшін қажет. Шлюздің жөндеу жұмыстары таяуда атқарылатын құрылыстың жобасына енгізілген.

«Құрылыс жұмыстарын наурыз айында бастадық. Жоба бойынша мерзім 3 жылға қарастырылған. Алайда ҚР АШМ-нің су ресурстар комитеті жұмыстарды тезірек аяқтауды тапсырды. Сондықтан да жұмысты 3 ауысымға белгіледік, 112 техника мен 150 адам тартылды. Жұмысты осы жылдың аяғына дейін бітіруіміз қажет», - деді мердігерлік ұйымның басшысы Әлімқожа Ахраров.

Мақтаарал және Шардара аудандарының арасында көлік қатынасын тікелей қосатын жаңа нысанның маңызы зор.