Шардара су қоймасына қатысты жобалар толық қаржыландырылуы шарт - Қ. Айтаханов

Сенатордың сөзіне қарағанда, еліміздің қиыр оңтүстігіндегі Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттік шекаралары бекітілгелі бері бірқатар мәселелер көлденеңдеп тұр. Мәселен, біріншіден, Шардара су қоймасының акваториясының бір бөлігі Өзбекстан аумағында қалып қойған. Бұл Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының халқы үшін су қоймасында жинақталған суды Өзбекстан тарапының пайдалануына мүмкіндік тудыруда. Екіншіден, Шардара су қоймасын қауіпсіз пайдалану үшін салынған Арнасай бөгеті екі ел шекарасында қалып қойып, оған баратын жолдар Өзбекстан жағына өтіп кеткен. Енді, Арнасай бөгетіне Қазақстан жағынан тек су арқылы баруға болады. Үшіншіден, Шардара және Мақтаарал аудандары арасындағы тас жол Өзбекстан аумағында қалып, жабылып, көлік қатынасы тоқтатылған. Бұл аудан тұрғындарына өте қолайсыз жағдайлар тудырды.
«Осы күрделі мәселелерді шешу Шардара су қоймасының Арнасай бөгетінде гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңғырту жұмыстарының шеңберінде қаралған болатын. Бүгінгі таңда бұл жобаның І, ІІ және ІІІ кезеңдері игеріліп, ұзындығы 33 шақырым болатын оң және сол жағалау бөгеттерін көтеру жұмыстарына 4,4 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Жобаның IV кезегінің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жоба Арнасай бөгетінің сол және оң жағалау бөгеттерінің ішкі және сыртқы жиектерін бекітуді және су қоймасы жағалауымен салынатын инспекторлық жолдың 38 шақырымын жөндеп, ІІІ техникалық санаттағы автомобиль жолдары етіп салуды көздейді. Бұл, Шардара су қоймасының қауіпсіздігін сақтауға, жинақталған суды толығымен республика ішінде пайдалануға жағдай жасайды және қиыр оңтүстікте орналасқан Мақтаарал, Шардара аудандары арасындағы жол байланысын толығымен шешіп, оңтүстік өңірінің инфрақұрылымы мен экономикасын көтереді, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады. Сондықтан да, 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының Арнасай бөгетінде гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңғырту» жобасының IV кезегін іске асыруға қажетті 11,2 млрд. теңге бөлінсе игі», - деді сенатор Қ. Айтаханов.