17:43, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Шардарада су шалқып жатқан жоқ, биылғы жылы да су тапшылығы болатын түрі бар
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Өткен жылы Сыр диқандары су тапшылығынан біршама зардап шекті. Кейбір болжам деректеріне сүйенсек, құрғақшылық пен су тапшылығы әлі де жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бастығы Әділхан Қарлыханов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бізге күнделікті келіп отырған мәліметтерге сүйенсек, қазір қырғыздың Тоқтағұл су қоймасында 7,8 млрд. текше метр ғана су қоры бар. Су қоймасында 6 млрд. текше метр су қалғанда қырғыз ағайындар су бергісі келсе де, деңгейі төмен болғандықтан су бере алмайды. Демек, біз Шардараға бүгінгі күні 1,8 млрд. текше метр ғана су алу мүмкіндігіміз бар», дейді Ә. Қарлыханов. Сондай-ақ ол Шардараның су ұстау сыйымдылығы 5,2 млрд. текше метр екенін және қазір онда 3,4 млрд. текше метр ғана су барын айтады. Өткен жылы Шардараға 1,5 млрд. су құйылып тұрса, осы күндері 546 млн. текше метр су келуде. Соған байланысты екі мәселе тұр. Біріншісі, Шардараны суға толтыру болса, екіншісі ? жауыннан қосылатын көп суға иек арту. «Егер Шардарада су толып тұрған шақта жауын көп болса, ол да қауіп. Ал жауынға сеніп су қоймасын толтырмасақ, сусыз қалуымыз тағы мүмкін», дейді маман. Дәл осы күндері дарияға секундына 550 млн. текше метр су түсіп жатыр. Былтыр секундына 700 млн. текше метрге дейін жеткен. Осы мәліметті алға тартқан Ә. Қарлыханов: «Бұл ауыл шаруашылығына өз әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан біз ауылшаруашылығы басқармасына мән-жайды түсіндіріп, егіс көлемін азайту керектігін ескертудеміз. Мүмкін суды аз қажет ететін дақылдарды көптеп егу керек болар. Бұл жөнінде мамандар жақсылап ойлануы тиіс. Біздегі нақты мәліметтер осындай қорытынды жасауға еріксіз итермелейді», деп атап көрсетті ол.