Шардарада Жалғас Кеңесовтің әндерін орындаудан аудандық байқау өтті

Абай атындағы мәдениет үйінде өткен байқау өнерлі жастардың көп екендігін көрсетті. Ереже бойынша байқауға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Байқау қорытындысында Шардара аудандық мәдениет үйінің әншісі Мұрат Қоңырбай бас жүлдені жеңіп алды. Ол арнайы дипломмен мараппатталды, түрлі-түсті теледидарға ие болды.
Қазылар алқасының төреғасы Шерман Қапбаров мырза байқаудың жоғары деңгейде өткендігін атап айтты. Аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов байқаудың басынан аяғына дейін болып, осы шараның дұрыс жүйелі өтуіне атсалысты. Байқау жеңімпаздары композитор Жалғас Кеңесовтің Астана мен Алматы қалаларында өтетін концертіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, бұдан бұрын Жалғас Кеңесовтің әндерін орындаудан байқау Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында да өткен болатын. Жалғас Кеңесов осы шараны ұйымдастырушыларға, байқауға қатысушыларға ризашылығын жеткізді.