Шарын паркінде қарақұйрықтар фототұзаққа түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзақ жабайы табиғаттың ерекше сәтін тіркеді — камера объективіне Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қарақұйрықтар түсті, деп хабарлайды ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Қарақұйрық — еліміздің ерекше қорғауға алынған жануарларының бірі. Сондықтан оны табиғи мекенінде осылай еркін жүрген күйінде бақылау — мамандар үшін құнды дерек, ал біз үшін жабайы табиғаттың көзге көріне бермейтін тіршілігіне үңілудің тамаша мүмкіндігі.
Адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін фототұзақтар жануарларды табиғи мінез-құлқына кедергі келтірмей бақылауға мүмкіндік береді. Осындай кадрлар арқылы мамандар жабайы жануарлардың тіршілігін қадағалап, табиғи аумақтағы жағдайды зерттейді.
Ең құндысы — бұл арнайы қойылған көрініс емес. Қарақұйрықтар өз мекенінде еркін жүр, ал камера олардың күнделікті тіршілігінің бір сәтін ғана үнсіз «ұстап» қалды.
-Табиғат біз көрмеген кезде де өз тіршілігін жалғастыра береді. Ал фототұзақтар сол құпия әлемнің бір сәтіне көз жүгіртуге мүмкіндік береді,- дейді мамандар.
Осыған дейін Іле Алатауында гималай ұлары фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жаздық.