Шәріп Омаров – халқына қажырлы қызмет еткен тұлға
Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қажырлы еңбек сіңірген азаматтар аз емес. Соның бірі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Шәріп Омаров еді. Биыл оның дүниеге келгеніне 75 жыл толды.
Соған орай Астанада бірқатар іс-шаралар өтті. Осы істің басы-қасында жүрген қоғам қайраткері, Мәжілістің I шақырылымының депутаты Төлеген Қуанышев ел тарихында алатын өзіндік орны бар азаматты еске алудың мәні мен маңыздылығы туралы айтып берді.
– Төлеген Шаңғытбайұлы, елге қызмет еткен әрбір азаматтың есімі ұмытылмайды. Әуелі Шәріп Омарұлының сіңірген еңбегі, тұлға ретіндегі адами қасиеттері туралы айтып берсеңіз?
– Біріншіден, Шәріп Омарұлының мемлекетіміздің өркендеуіне, төл өнеріміздің дамуына, Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуына және халықаралық қатынастарды нығайтуға сіңірген еңбегі өте мол. Ол елдің бірегей перзенті еді. Кешегі ауыл баласы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, білімге деген құштарлығының арқасында жоғары оқу орнын үздік бітіріп, инжинерлік мамандықты меңгеріп, тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасын қалаушылардың бірі болды. «Дос-Мұқасан» ансамбілін құрушылардың бірі, сондай-ақ республика деңгейінде кәсіби және бұқаралық спорт саласының үлкен ұйымдастырушысы ретінде халыққа танымал болды. Бір сөзбен айтқанда, Шәріп Омаров – халқына қажырлы қызмет еткен тұлға.
Ол өте мәдениетті, парасатты адам еді. Аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастықты жалғастыра білді. Тек үлкендерді құрметтеп қана қоймай, сонымен қатар өзінен кішілерге де қамқорлық жасаған азамат.
Шәріп Омаров Мәжіліс депутаты болған жылдары халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік салаларына қатысты заңнамалық құжаттардың қабылдануына орасан зор еңбек сіңірді. Атап айтатын болсақ, «Қазақстан Республикасының қорғанысы туралы» Заңы мен Әскери доктринаның, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» және басқа зандардың жазылып дайындалуына және халық қалауларының талқысына салынып, дер кезінде қабылдануына өз үлесін қосты. Көршілес Ресей, Қырғызстан, Түркімен және Өзбекстан елдерімен мемлекеттік шекарамызды айқындап, бекітіп және заңдастыру жолында да ол қыруар іс атқарды.
Ол – білікті дипломат. Осы істе өзін ұлттық мүддемізді қорғай алатын патриот екендігін көрсете білді. Қазақстан мен Чехия арасындағы екі жақты дипломатиялық, сауда, экономикалық қарым-қатынастың жаңа биікке көтерілуіне көп еңбек сіңірді. Қазақстан экономикасына Чехия өнеркәсібінің инвестициясы көлемін ұлғайтты. Біздің елімізге Чехия туристерінің қызығушылығы арта түсіп, бізден де Чехияға оқу, білім, ғылым, өнер салаларына баратын жастар қатары жыл өткен сайын өсумен келеді. Осындай бейбіт қарым-қатынастың өріс алуына кезінде Елші қызметін атқарған Шәріп Омаровтың қосқан үлесі зор.
– Қандай істің де оңай жүзеге аса салмайтыны анық. Шәріп Омарұлының 75 жылдығын атап өтуге байланысты жұмыстар қалай басталды?
– Қоғамның дамуына және ақпараттар ағынына назар салып отыратын әрбір азамат осы елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың қай кезде дүниеге келгеніне көңіл бөлетіні сөзсіз. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Шәріп Омаровтың биыл 75 жылдығы екенін жақсы білемін. Мерейтойын қалай атап өтуге болады? Өзі 2007 жылы дүниеден озып кетті. Оны еске алып, мемлекеттік деңгейде іс-шаралар жоспарланғанын естіген жоқпыз. Бірақ бірге жүрген достары, қызметтес болған әріптестері бар. Содан «Шәріп Омаров артында жоқтайтын халқы бар азамат еді ғой! Ұйымдастыру шараларын қолға алған дұрыс-ау» деген ойға келдім.
Осыдан 6 ай бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің I шақырылымының депутаттары, қоғам қайраткерлері Ирак Елекеев, Мұхамбет Көпеев, Аманбек Рамазанов, Ерғали Бөлегенов, Роза Қуанышбаева алтаумыз бас қосып, ынталы топ құрдық. Әрине, біріншіден, біздің қолымыздан не келеді? Бәріміз де зейнеткерміз. Дегенмен дұрыс жоспарлап, бұл шараға тиісті мемлекеттік органдарды және қала әкмідігін тарта білсек, біраз істер атқарылады-ау деген тоқтамға келдік. Астана қаласының Мұхтар Әуезов көшесіндегі 22-үйде Шәріп Омаров 8 жыл тұрған екен. Ең бастысы, аты-жөнін жазып, сол үйде тұрған жылдарын көрсетіп мәрмәр тастан ескерткіш тақта орнатқанымыз жөн деп шештік. Одан бөлек, бір ресми жиын не Шәріп Омарұлының өмірі мен еңбек жолына арналған дөңгелек үстел өткізсек, елім деп ғұмыр кешкен азаматқа көрсеткен құрметіміз болар еді. Осы мақсатта ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың қабылдауына сұрандым. Айта кету керек, Ерлан Қошанов кезінде Мәжілістің I шақырылымында өзі де депутат ретінде Шәріп Омаровпен қызметтес болып, талай нәтижелі жұмыстар жасап еді. Тәуелсіз еліміздің заңнамасын қалыптастыруға атсалысты. Мәжіліс төрағасына мән-жайды түсіндіріп едім, ол азаматтық танытып: «Төке, өте орынды. Мен қолдаймын. Парламент қабырғасында дөңгелек үстел өткізейік, тақырыбын белгілеп, ұсыныңыздар» деп бірден қолдай кетті. Сонымен қатар Шәріп Омарұлы туралы естеліктерді құрастырып, бір жинақ шығару туралы ұсынысты айттым. Ерлан Жақанұлы бұл пікірді де қолдап, баспадан шығару мәселесін қарастыратынын жеткізді.
Содан кейін біздер бәрін жоспарлап, ұйымдастыру ісіне кірісіп кеттік. Қай күні, қай уақытта қандай шара өтетіні белгіленді.
Біз әуелі Шәріп Омаровты тұлға ретінде кейінгі ұрпаққа насихаттауға, ескерткіш тақта орнатуға лайықты екенін дәлелдейтін негіздеме дайындадық. Онда атқарған қызметтеріне, адамдық қасиеттеріне жеке-жеке тоқталдық. Соған сүйене отырып, тиісті мекемелерге хат жолдадық.
«Дос-Мұқсан» ансамблінің шаттық әндерімен шабыттанып өскен ұрпақ қаншама?! Ш.Омаров 1970 жылдары аталған вокалдық-аспаптық ансамблін ұйымдастырушылардың бірі болды. Ол осы музыкалық топтың белсенді мүшесі әрі бас гитарада ойнады. Халыққа кең таралған «Той жыры» әнінің соңында «Әй, жарайсың, жігіттер!»- деп қоңыр даусымен әсерлі түйіндейтінін жұртшылық ұмытқан жоқ. Бұл ретте, Шәріп Омарұлын еске алу концерті ұйымдастырылса, құба-құп болар еді.
– Кездескен кедергілер болды ма?
– Бәрі рет-ретімен шешілді. Бастамамызды бәрі де қолдады. Тек өзі тұрған үйге мәрмәр тақта орнату ісі қолға алынғанда бір мәселе туындады. «Әуезов-22» үйде Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Серікболсын Әбділдин, Амангелді Айталы, Құдайберген Сұлтанбаев және басқа көптеген мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері тұрған. Бұл қаланың оң жағалауы. Бұрынғы орталық. Тарихи ғимарат. Қазақтың жақсы-жайсаңдарына пана болған үй! Жанында Сәкен Сейфуллиннің мұражай үйі бар. Бірнеше жыл бұрын Қаратай Тұрысұлына қойылған тақта уақыт өте келе жан-жағындағы теректер өсіп, темір қоршаудың ортасында, елеусіз жерде көрінбей қалыпты. Ұйымдастырушылар тобы ақылдаса отырып, Қаратай ағаның да тақтасын көректі тұсқа орнату жөнінде тоқтамға келді. Астана қалалық әкімдікте арнайы комиссия бар екен, соған ұсынысымызды айтып, ресми хат жаздық. Көп кешіктірмей аталған комиссиядан жауап келді. Онда ағайын-туыстары, балалары мен немерелері рұқсат берген жағдайда ғана ескерткіш тақтаның орнын өзгертуге болатыны жазылған. Содан біз Қаратай ағаның зайыбы Әскеркүл Жамбайбекқызына хабарласып едік, ол да қуанып кетті. Рұқсатын беретінін айтты. Сонымен өмірде ағалы-інілі болып қатар қызмет атқарған Қаратай Тұрысов пен Шәріп Омаровтың ескерткіш тақталары қатар орнатылды.
Шәріп Омаровтың 75 жылдығына байланысты барлық іс-шара бір күнге жоспарланды. Жоғары деңгейде өтті. Әуелі М.Әуезов көшесіндегі 22-үйде ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі болды. Соңғы күндері жауын да толыссыз жауып кетіп еді. Кедергі келтірер ме екен деп ойладық. Алайда, аталған іс-шараға жарты сағат қалғанда жаңбыр да тоқтады. Халық көп жиналды. Бәрі де ризашылықтарын білдіруде. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов және Шәріптің зайыбы, скрипкашы, педогог, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гауһар Мырзабекова ескерткіш тақтаны ресми ашу құрметіне ие болды. Ерлан Каналимов мырза сөз сөйлеп, Шәріп Омарұлының елімізге сіңірген еңбегін, жас ұрпаққа өнеге болатын қайраткерлік жолын атап өтті.
Келесі кезекте Ирак Елекеев әріптес інісі туралы өз ойларын ортаға салды. Шәріп Омарұлының Парламент депутаты ретінде отандық заңнаманы жетілдіруге қосқан өлшеусіз үлесін баса айтты. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарымыз жөнінде тоқталды.
Қоғам қайраткері, Мәжілістің I шақырылымының депутаты Валерий Громов өз сөзінде Шәріп Омаровтың кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері туралы айта келіп, достарға арнап шығарған өлеңін оқып берді.
– Келесі шара Мәжіліс ғимаратында өтті ме?
– Иә, ескерткіш тақта ашылу рәсімінен кейін бәріміз автобусқа отырып, Есілдің сол жағалауына келдік. Мәжіліс үйінде «Шынайы ғұмыр кешкен азамат» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Осы жиынды Палата төрағасы Ерлан Қошанов ашып, кіріспе сөз сөйледі. Басқосуда Ш.Омарұлы туралы бірнеше азамат ескелік айта келіп, ой-пікірлерін ортаға салды. Қоғам қайраткері Мәди Артығалиев өз естеліктерімен бөлісті. Кезінде Шәріп Омаров Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған болатын. Бұл күнде саясаткер, дипломат Айгүл Құспан аталған тұрақты комитеттің тізгінін ұстап отыр. Айгүл Сайфоллақызы аға ұрпақтың атқарған қызметі қашанда жоғары бағаланатынын атап өтті.
«Той жыры» және басқа да әндердің мәтінін жазған, «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, философия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Ұлықпан Сыдықов тебірене сөйледі. «Дос-Мұқасан» тобына және достарына арнап альбом шығарғанын мәлімдеді.
Дөңгелек үстелден кейін ұлттық дәстүрімізге сәйкес садақа дастарханы жайылып, Шәріп Омаровтың рухына арнап құран бағышталды.
Сол күні кешке ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залында Шәріп Омарұлының 75 жылдығына арналған мәдени шара өтті. Оған Алматыдан «Дос-Мұқасан» ансамблін шақырып едік, белгілі себептермен қатыса алмады. Кезінде Шәріп пен жұбайы Гауһар екеуі негізін қалаған «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі керемет өнер көрсетті. Белгілі өнер қайраткері Бекболат Байсағатов сыбызғымен тамаша туындылар орындап берді. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың квартеті сахнаға шығып, 1970 жылдары «Дос-Мұқасан» жігіттері орындаған әндерден үзінділер шырқап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Қоғам қайраткері, ғалым, академик Досым Сүлеев шетелде іссапарда болып, осы шараларға қатыса алмады. Бірақ өзінің Шәріпке арналған жүрекжарды сөзін бейнеүндеу арқылы жіберді. Ш.Омаровқа арнап «Жан досым» деген ән шығарған екен. Концерт осы туындымен аяқталды.
Біздің мақсатымыз – аға буынның игілікті істерін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсету, тәуелсіз мемлекетіміз үшін жан аямай тер төгіп, қызмет жасаған тұлғалардың еш уақытта ұмыт қалмайтынын дәлелдеу. Осы ойымыз орындалды.
Қолдау көрсеткен Парламент Мәжілісіне және Астана қаласының әкімдігі мен мәслихатына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ Мәжілістің бірнеше шақырылымының депутаты Ромин Мәдинов пен заң ғылымдарының докторы, академик Бақытжан Әбдірайымовтың жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өтер едім.
Шәріп Омарұлының зайыбы Гауһар Мырзабекова осындай игілікті іс атқарған азаматтарға, Парламент Мәжілісі мен қалалық әкімдікке алғысын білдірді.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Игі бастамаларыңыз жүзеге аса берсін.
Авторы: Қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің I шақырылымының депутаты Төлеген Қуанышев