12:20, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
Шаруа қожалығында улы химикаттардан уланған екі жұмысшының беті бері қарады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы шаруа қожалығында улы химикаттардан уланған екі жұмысшының беті бері қарады, деп хабарлады аймақтың тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің баспасөз қызметі.
Олардың мәліметінше, қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінен терапевтік бөлімге ауыстырылды. Олардың жағдайлары ойдағыдай.
Осыған дейін хабарланғандай, Шеңгелді ауылдық округінің Қарабұлақ ауылында 27 сәуір күні шаруа қожалығының 10 жұмысшысы дәрігерлік амбулаторияға жүгінген. Олардың улы химикаттардан уланғаны анықталған.
Зардап шегушілерге медициналық көмек көрсетілді. 8 адам жедел жәрдем қызметі арқылы Қапшағай қаласының ауруханасына жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөліміне жатқызылды.
Қазіргі уақытта улану фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның барысында ТЖ-ның себептері анықталатын болады.