Шаруалар гербицидтер мен тыңайтқыштарды еркін таңдай алады

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі тауар өндірушілердің гербицидтер мен тыңайтқыштарды еркін таңдап, сатып алуларына жағдай жасайтын болады.
None
None

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені бойынша Мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, осы мақсатта министрлік арнайы заң жобасын әзірлеп шықты. Оған сәйкес, шаруалар гербицидтердің түрлерін және оны жеткізуші фирманы өз еркімен таңдап, сатып ала алады. Осыған орай бюджеттік субсидиялар келесі жолмен төленеді:  отандық гербицидтерді сатып алған жағдайда, жәрдемақы диһандарға сатылатын гербицидтер бағасының 50 % дейін төленеді, ал шетелдік гербицидтерді сатып алған жағдайда, жәрдемақы диһандарға сатылатын гербицидтер бағасының 30 % дейін төленеді. Бұл ретте  өнім өндірушілер тыңайтқыштың жарты бағасын төлей алады. Сол кезде мемлекеттік субсидия өндіруші зауытқа аударылады. Ал тыңайтқыштар шетелден сатып алынса, жәрдемақы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің өздеріне төленеді. Бірақ ол үшін тиісті құжаттарды ұсыну қажет.

«Осылайша, өнім өндірушілерге гербицидтер мен тыңайтқыштарды еркін таңдап, сатып алуларына жағдай жасалады», - дейді С.Хасенов.

Айта кетейік, қазіргі кезде заң жобасы министрліктер, облыс әкімдіктері, қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтар, мүдделі ұйымдар, сондай-ақ отандық гербицид өндіруші фирмалардың қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар