Шаруалар Қазақстанда жасалған ұшақтарға қызығушылық танытпай отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан бес жылдай уақыт бұрын елімізде 4 орынды «Арай» ұшақтары жасала бастаған болатын. Отандық ұшақ деп қуанғанымызбен, оның шаруалар арасында сұранысы болмай отыр. 2010 жылдан бері өндіруші кәсіпорын аталған техниканың тек жеті ғана данасын сатқандығын айтып отыр.
None
None

Ұшақтарды шығарумен айналысатын «Авиа Мастер Эйркрафт» ЖШС басшысы өз өнімін қайта жарнамалау үшін бүгін Астанада өтіп жатқан «KazAgro/«KazFarm-2015» көрмесіне келіп қатысты. Дәурен Уәлиевтің айтуынша, аталған көліктердің аграргыларға тигізер пайдасы орасан болғанымен көпшілігі бағасына келгенде кідіріп қалады екен. Бір ұшақты сатып алу үшін шаруалар 221 мың АҚШ долларын төлеуі қажет.

«Біз «Арай» ұшағын канадалық «ZENAIR LTD» компаниясымен бірігіп шығарамыз. Бұған дейінгі жасап шығарған үш ұшағымызды Қостанай облысындағы «Зерновая индустрия» компаниясы сатып алды. Тағы бір ұшағымызды Ресейге экспорттадық. Өз тауарымызды шетелге шығару біз үшін үлкен жетістік. Фермерлер бұл ұшақты пайдалану арқылы уақыт пен қаражатын үнемдейді. Мәселен, «Арай» бір сағатта бар-жоғы 35 литр ғана бензин жұмсайды. Негізінен, бұл әуе көлігінің моторын Канададан алып келеміз, ал қалған құралдары Қазақстанда жасалады. Біздің бір ұшақтың бағасы 221 мың АҚШ долары. Біз тек тапсырыспен ғана шығарамыз. Осы көрмеге ұшақты отандық фермерлер көріп, бізге сұраныс артады деген мақсатта қойып отырмыз», - дейді ол.

Қалай болғанда да, «Арайдың» бағасы өзін барлық жағынан алып қарағанда ақтайды дейді кәсіпкер. Өйткені, оның шығыны расымен де аз. Мәселен, егер «АН-2» ұшағына екі ұшқыш керек болса, бұған бір ұшқыш жеткілікті. Оның үстіне «Арайға» арнайы даярланған ұшу алаңы қажет емес. Қысқа алаңдар, егістің маңындағы бос алаңқайлар жеткілікті. Ал «АН-2» ұшағына жанармай құю үшін әуежайға қайтып оралуына тура келеді.

Үш күнге созылатын осынау көрме барысында Дәурен Уәлиев жаңа клиенттер табарына сенімді.

Ал Астанадағы «Көрме» орталығында басталған көрме-аукцион 29 қазанға дейін жалғаспақ. Бұл жерде ауылшаруашылық техникаларымен бірге егін тұқымдары, ет пен сүт өнімдері, тіпті, асыл тұқымды мал да әкелінді. «Қайсар» және «Найза» - ең таңдаулы ангус асыл-тұқымды аталық бұқаларды көрмеге Қостанай облысы Арқалық қаласының «Нұр-Жайлау НС» ЖШС әкеліп отыр.

Соңғы жаңалықтар