Шаруалардың жанармайы қымбаттамайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл отандық шаруалар көктемгі тұқым себу мен күзгі жиын-терімге 700 мың тоннаға жуық дизельдік отынды пайдаланады. Дизельдік отын нарығындағы бағаның құбылуына қарамастан, жеңілдетілген отынның бір литрінің құны 79 теңгеден аспайды.
Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми ақпараты жарияланды. Демек биліктің шаруаларға жеңілдетілген отынды жеткізу жөніндегі міндеттемесі өз күшінде қалады деген сөз. Осы жағдайдың өзі ішкі дизельдік отын нарығындағы тұрақтылықты көрсетеді. Шындығында аталған нарықта тапшылық бар ма? Қазақстанда дизельдік отынның бағасын қайта реттеу қандай нәтиже береді? Осы тақырыпты талдап-таразылап көрелік.
Республика тұрғындарының соңғы бір аптада еліміздің кейбір аймақтарында дизельдік отынның тапшылығы байқалғанына шағымданғаны мәлім. Мұндай жағдай неден туындады және ол қанша уақытқа созылуы мүмкін. Энергетика министрлігі осы мәселенің екі түрлі себебін атап көрсетті. Бірінші себеп - жанармайдың ел аумағынан сыртқа кетуі. Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдиновтың пікірінше, бағасы арзан дизельдік отынымыз Ресей мен Қырғызстанға жөнелтілуде. «Еліміздің аталған мемлекеттермен шекаралас аудандарында дизельдік отынды көптеп тұтыну байқалып отыр. Шындап келгенде жанармай заңсыз жолмен Қазақстанның аумағынан сыртқа кетіп жатыр. Атап айтсақ, дизельдік отынымыз Ресей мен Қырғызстанға тасымалдануда. Егер де мұндай жағдай алдағы уақытта сақталатын болса, онда Қазақстанда дизельдік отынның тапшылығы орнауы мүмкін» деп түсіндірді А. Жалдинов.
Екінші себеп - отандық отын нарығындағы алаяқ ойыншылардың арамза іс-қимылы. Баға ырқына жіберіліп, дизельдік отынның құны қымбаттағанша олар қордағы өнімді сатпай отыр. Демек жанармай құю станцияларының алаяқ қожайындары бүгінгі тапшылықты қолдан жасап, дизельдік отынның бағасы өскенде қыруар пайдаға кенелуді көздейді. Энергетика министрлігінің болжамына қарағанда, ерікті айналымға жіберілген баға аздап өседі. Бірақ нарық заңы барлығын өз орнына қояды. Сайып келгенде, дизельдік отынның бағасы қазіргіден 5 теңгеге ғана қымбаттайды. Алайда шаруаларға арналған жеңілдетілген жанармайдың құны (бір литрі 79 теңге) ешқандай да өзгермейді.
Осы жерде отандық дизельдік отын нарығының көлемі, өндірісі, импорты, тұтынуы туралы ресми ақпаратты бере кеткеніміз жөн болар. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған өнімді тұтыну көлемі 2240,7 мың тоннаны құраған. Соның ішінде, 2091,1 мың тоннасы - отандық мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтілген, 140,7 мың тоннасы - шетелдерден импортталған. Көктемгі тұқым себу жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге биыл 366,8 мың тонна отын бөлінсе, соның ішінде 322,1 мың тоннасы жөнелтілген. Күзгі астық ору науқанына 391,6 мың тонна отын бөлінеді. Бұл отын дер уақытында шаруаларға жөнелтіліп жатыр.
Енді тұтыну мен импорт туралы тарқатып айтайық. Энергетика министрлігі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңының 7-інші бабының 11-інші және 14-2-інші тармағын негізге алып, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерімен алдын-ала келісе отырып, мұнай өнімдерін жеткізу жоспарын бекітеді. Жоспар бойынша ай сайын дизельдік отын ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, «Локомотив» АҚ-на («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қозғалмалы құрамы), әкімдіктерге (бұл алдыңғы екеуінен қалғаны) бөлінеді. Бір анығы облыс және қалалар әкімдіктерінен түскен өтінімдерді толық қанағаттандыруға отандық мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері аймақтың нақты тұтыну көлемінен бірнеше есеге асып түсетін оқиғалар да кездесіп жатады. Айта кетейік, көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына дизельдік отынды бірінші жөнелту жоғарыдағы заңның 24-інші бабының 4-інші тармағында қарастырылған. Сонымен қатар, осы заңның 10-ыншы бабының 1-інші тармағына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өз аумағында мұнай өнімдерін тұтыну болжамын жасайды.
Дизельдік отынды тұтыну туралы салыстырмалы ресми ақпаратқа үңілсек, соңғы жылдары тұтыну мен импорт көлемінің едеуір өскенін көреміз. Мәселен, елімізде 2014 жылы 4,3 млн. тонна дизель отыны өндірілсе, 2015 және 2016 жылдары бұл көрсеткіш 4,0 млн. тоннаны құраған. Ал тұтыну көлемі үш жылда ұлғайып отырғаны байқалады: 2014 жылы - 5,1 млн. тонна, 2015 жылы - 4,4 млн. тонна, 2016 жылы - 4,6 млн. тонна. Импорттың үлесі 2011 жылы - 0,2 млн. тонна болса, биыл ол 0,6 млн. тоннаға дейін өсіпті. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстан жыл сайын орташа алғанда 4,5 млн. тонна дизель отынын тұтынады. Отандық мұнай өңдейтін зауыттар әр тәулігіне 42000 тонна мұнай өңдейді. Қалған 600 мың тонна Ресейден импортталады.
Ресейдегі дизельдік отынның құны біздікінен едәуір қымбат екені мәлім. Қазіргі кезде Қазақстан Ресейден дизель отынының әр литрін салық есебін қоспағанда 128 теңгеден сатып алады. Жалпы алғанда, бізбен көршілес елдерде жанармай құны айтарлықтай қымбат. Мысалы, Өзбекстанда дизель отынының бір литрі 239 теңге, Ресейде - 185 теңге, Қырғызстанда - 158 теңге тұрады. Қазақстанда мұнай өнімінің бұл түрінің бір литрі 99 теңгеден босатылуда. Демек көршілес мемлекеттермен салыстырғанда еліміздегі дизель отыны нарығындағы ахуал барынша тұрақты. Мұның бәрі ел Үкіметінің дағдарыстың алдын алу бағытында жүзеге асырған тиімді іс-әрекеттерінің жемісі.