Шарын ұлттық паркінде туризм қалай дамытылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін дамыту тұжырымдамасы онлайн режимде таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Туристердің жыл сайынғы келуінің өсуіне қарамастан, демалу үшін қарапайым жағдайлар мен қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты ұлттық парктердегі экологиялық туризм тиісті деңгейде дамымай отыр. «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында төрт туристік бағдар бар. 2019 жылдың қортындысы бойынша аталған бағдарлармен 20 640 адам жүріп өтті. Туристерге қызмет көрсету нәтижесінде ұлттық парктің арнайы шотына 16 млн 700 мың теңге түсті», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, ұлттық парктегі туризмнің қазіргі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар аталған парк аумағын дамытуға инвесторлар тарапынан қызығушылық төмен болып тұр. Яғни, жұмсалған шығынның өзін-өзі ақтау мерзімі ұзақ. Осы орайда бірқатар елдердің тәжірибесі, оның ішінде АҚШ-тағы ұлттық парктің жұмысы, экотуризмді дамыту бағытындағы заңнамасы зерттелді.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық парктің экологиялық туризмін дамытудың қадамдары айқындалды. Сонымен бірге, негізгі екпін туристік бағдарларды, соқпақ жолдар желісін дамытуға қойылады. Сондай-ақ сапарлау орталығын, кемпинг, этноауылдарды құру ескерілген. Біз бірінші кезекте туристік бағдарлар мен соқпақ жолдармен жүріп өтуді насихаттауымыз керек. Осы орайда ұлттық парктің инфрақұрылымын дамыту қадамдарын өзгертуді жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, «Шарын» ұлттық паркінде жеке инвестициялар тарту есебінен экотуризмді дамыту қарастырылған. Бұл тұрғыда заманауи екі сапарлау орталығын, жаяу жүргіншілер үшін төрт бағдарды, этноауылдарды, көру алаңдарын және басқа да нысандарды құру жоспарланған. Рекреациялық жүктемені азайту үшін барлық нысандар шатқалдан тыс аумақта орналасады.

Туристер сапарлау орталығына келген кезде, оған осы аумақ туралы ақпарат беріледі. Осы ретте жаяу жүру, велосипед бағдарлары айқындалған.

Экология министрлігінің мәліметінше, ұлттық паркті дамыту жобасы аясында алдан ала есептеулер бойынша 3,6 млрд теңге қажет болады.


Соңғы жаңалықтар
telegram