Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, халықаралық стандарттар мен демократиялық қағидаттарға сай елдің жаңарған Парламенті — Құрылтайға байланысты өткен сайлаудың сәтті ұйымдастырылуымен шын жүректен құттықтады.
Өзбекстан басшысы бұл тарихи оқиға Қазақстанның саяси жүйесін жетілдірудің, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың және Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтудің жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін атап өтті.
Сайлауға азаматтардың белсенді қатысуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан және Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыруға бағытталған ауқымды конституциялық және қоғамдық-саяси реформаларды халықтың кеңінен қолдайтынын айқын көрсеткені айтылды.
Өзбекстан Президенті бауырлас қазақ халқымен ғасырлар бойы достық және тату көршілік қарым-қатынастар байланыстырып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанда бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің жоғары нәтижелеріне Өзбекстанда шын жүректен қуанышты екенін жеткізді.
Сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан парламенттері арасындағы тығыз ынтымақтастық екі достас елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастары аясында жаңа сапалы деңгейге көтерілетініне сенім білдірілді.
Сөз соңында Президент Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметінде үлкен жетістіктер, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
Бұдан бұрын Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтаған еді.
Сонымен қатар Ильхам Әлиев Қазақстандағы Құрылтай сайлауына қатысты құттықтауын жеткізді.