Шавкат Рахмонов Ислам Махачевті қалай жеңуі мүмкін екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы чемпион Ислам Махачевке қарсы жекпе-жекте өзінің басты артықшылығы неде екенін айтты, деп хабарлайды Sports.kz Alfglobal-ға сілтеме жасап.
Сұхбат барысында Рахмоновтан Ислам Махачев үшін ең қауіпті қарсылас өзі ме деген сұрақ қойылды. Қазақстандық спортшы бұған оң жауап берді.
– Менің ойымша, иә. Оны ненің есебінен жеңе аламын? Тік тұрып айқасуда мен Исламнан мықтымын, – деді Шавкат Рахмонов.
Қазақстандық файтер соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде октагонға шыққан. Ол ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген еді.
Содан бері Рахмонов сол жақ тізесіндегі жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ. Жарақат бірнеше операцияны қажет етіп, оңалту кезінде қайта асқынған.
Ал Ислам Махачев соңғы жекпе-жегін биыл 15 тамызда АҚШ-тың Филадельфия қаласында өткен UFC 330 турнирінде өткізді. Ол жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғап, Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Айта кетейік, бұған дейін Рахмонов пен Махачев UFC жекпе-жегіне шығуы мүмкін екені хабарланған болатын.