Шавкат Рахмоновтың зайыбы тізгіндеген көлік апаты: тергеу аяқталуға жақындады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жазда Шавкат Рахмоновтың зайыбы Алматы-Екатеринбург трассасында жол апатына ұшырады.  Сол көлік апаты бойынша істі тергеу аяқталуға жақындады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

жол апаты
Фото: pexels.com

— Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Енді соңғы кешенді автотехникалық сараптама алуды күтіп отырмыз. Соның нәтижесі бойынша айып тағу және істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдаймыз, — деді С. Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, биыл 27 шілдеде сағат 08:50–де «Алматы-Екатеринбург» Республикалық маңызы бар автожолының 299 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды.

Алматыға бара жатқан «Toyota Land Cruiser 200» маркалы көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылған. Жол-көлік оқиғасынан екі адам қайтыс болды. Сонымен қатар, осы жол апатынан кейін Шавкат Рахмоновтың зайыбы мен ұлы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында болды. 

Соңғы жаңалықтар