Шайбалы хоккей: Қазақстан құрамасы әлемдік хоккей рейтингінде екі сатыға көтеріліп, 17-ші орында тұр
АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Германияда өткен әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсеткеніне қарамастан, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы әлемдік хоккей рейтингінде екі сатыға көтеріліп, 17-ші орында тұр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, келесі маусымда Қазақстан құрамасы әлім біріншілігінің бірінші дивизионында өнер көрсететін болады. Себебі, біздің команда Германиядағы әлем чемпионатында топтық кезеңдегі барлық ойындарында жеңіліп қалды және жоғары дивизионда қалуға құқық беретін көңіл жұбататын турнирде соңғы орын алып, бірінші дивизионға түсіп қалды.
Халықаралық хоккей федерациясы ресми сайтының мәліметінше, әлемдік хоккей рейтингінде 1-ші орында Германиядағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Ресей құрамасы тұр. 2-ші орында Канада, 3-ші орында Швеция, 4-ші орында Финляндия орналасқан. Ал, 2010 жылғы әлем чемпионы Чехия құрамасы болса, бір сатыға көтеріліп, 5-ші орынға орналасты. Алғашқы ондықтың қатарында АҚШ, Швейцария, Словакия, Германия, Беларус құрамалары бар. Сондай-ақ, Норвегия, Латвия, Дания, Австрия, Франция және Италия командалары рейтинг бойынша Қазақстан құрамасының алдында.