Шайбалы хоккей: Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатына дайындығын жалғастыруда
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Шайбалы хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 2010 жылы Польшаның Крыница қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындығын Өскеменде жалғастыруда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының хабарлауынша, әлем біріншілігінде қазақстандық хоккейшілер «В» дивизионында ойнайды. «А» дивизионына берілетін жолдама сарапқа салынатын осы әлем чемпионатындағы жерлестеріміздің қарсыластары - Ұлыбритания, Германия, Литва және Польша командалары. Қазіргі уақытта жаттықтырушылар штабының қарауында құрамаға үміткер 30 хоккейші бар. «Хоккейшілеріміз ақпанның 11-і мен 15-і аралығында Өскеменде әлем біріншілігіне дайындықтың кезекті кезеңін өткізеді. Осы аралықта Өскеменде 1992-1993 жылдары туылған ойыншылардан тұратын жасөспірімдер командалары арасында хоккейден Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары өтеді. Жасөспірімдер құрамасы матчтарға конкурстан тыс қатысады. Одан кейін олар Челябинскіге аттанады, онда бірқатар жолдастық және жаттығу матчтарын өткізеді», делінген Федерацияның мәліметінде.
Айта кетейік, шайбалы хоккейден жасөспірімдер құрамалары арасындағы әлем чемпионаты 2010 жылы сәуірдің 11-і мен 17-сі аралығында Польшаның Криница қаласында өтеді.