Шайбалы хоккей: «Нагано кубогы-2010» турнирінде Қазақстан Жапонияны 3:1 есебімен жеңді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осылайша, біздің команда аталмыш турнирдегі екінші матчында да жеңіске жетіп отыр. Жерлестеріміз аталмыш турнирдегі бірінші ойынын кеше Даниямен өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының мәліметінше, Жапониямен болған ойында жеңіс шайбаларын Владимир Антипин, Евгений Рымарев, Александр Шин соққан. Ертең біздің команда Словениямен кездеседі.
Қазақстан құрамасы үшін «Нагано кубогы-2010» турниріне қатысу ағымдағы жылдың мамыр айында Германияда өтетін жоғары дивизиондағы командалар арасындағы әлем чемпионатына дайындық сатысы болып табылады. Құраманың бас бапкері Андрей Шаяновтың айтуынша, команданың басты міндеті - Нагано кубогын жеңіп алу. Ал, стратегиялық мақсат - құрама ойыншыларының басын қосып, олардың әлем чемпионаты алдындағы дайындығын пысықтау.
Айта кетейік, Наганода біздің команда Дания, Словения және Жапония құрамаларымен бір топта өнер көрсетуде. Турнир ақпанның 13-і күні аяқталады.