Шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты «Горняк» пен «Бейбарыстың» ойындарымен ашылады
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы қыркүйектің 25-і күні шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты басталады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Хоккей одағының бас директоры Юрий Зверев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ю.Зверевтің айтуынша, өткен чемпионаттарда орын алған қате-кемшіліктер ескеріліп, Қазақстан чемпионатының 2009-2010 жылдарғы маусымының күнтізбесі алдын ала жасалды және оған ойындар барысында кішігірім болмаса, айтарлықтай өзгерістер енгізілмейтін болады. Ойындардың кестесін ҚХО-ның www.icehockey.kz дербес сайтынан және таяуда алғаш басылып шыққан «Хоккей» журналынан көруге болады.
Ю.Зверев бұдан былай жылына бір рет шығатын журналда қазақстандық хоккейге қатысты статистикалық , сараптамалар мен сұхбаттар, жанкүйерлерге арналған қызықты әрі маңызды ақпараттар жарияланып тұратынын жеткізді.
Чемпионат қыркүйектің 25-і күні Рудный қаласында «Горняк» (Рудный) пен «Бейбарыс» (Атырау) командаларының ойындарымен басталады. Осы күні сондай-ақ «Ертіс-Павлодар» (Павлодар) - «Сарыарқа» (Қарағанды) және «Қазцинк-Торпедо»-2 (Өскемен) - «Қазақмыс» (Сәтпаев) командалары кездесетін болады.
Чемпионаттың 2009-2010 жылдарғы маусымына барлығы сегіз клуб - «Қазақмыс» (Сәтпаев), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Горняк» (Рудный), «Ертіс-Павлодар» (Павлодар), «Барыс-2» (Астана), «Қазцинк-Торпедо-2» (Өскемен), «Арлан» (Көкшетау) және «Бейбарыс» (Атырау) қатысады.
Чемпионат барлығы екі кезеңнен өткізіледі. Біріншісі - 2009 жылғы қыркүйектің 25-інде басталып, 2010 жылғы наурыздың 23-інде аяқталады. Екінші кезеңі 2010 жылғы наурыздың 28-інде қайта басталып, осы жылғы сәуірдің 17-сінде тәмамдалады.