Шебердің жасаған киіз үйлеріне тапсырыс артып келеді – шетелдегі қазақ баспасөзі

«ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: Chinanews.com

Азия ойындарына Моңғолиядан 3 қазақ спортшы қатысуда – «Kaznews»

Моңғолия құрама сапында бокстан +92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бекнұр Қали командаластары арасынан алғашқы болып рингке Непал спортшысы Дувади Ашишпен жұдырықтасты. Спорт мансабында алғаш рет ірі жарыста ел намысын қорғап жатқан Бекнұр Қали 3:1 есебімен жеңіске жетті. Б Сондай-ақ «Kaznews» басылымы келтірген дерекке сүйенсек, ХІХ Азия ойындарында жеңіл атлетикададан 400 м және 800 м қашықтыққа жүгіру, ерлер арасындағы 4х100 м эстафета жүгіру сайысына Жандос Нарауұлы қатысуда.

Бұдан бөлек, баскетболдан қыздар арасындағы сайыста Бұлбұл Мұратқызы бақ сынап жатыр.

«Моңғолия спортшылары 19-шы Азия ойындарында бүгінге дейін 6 медаль иеленді. Ел қоржынында 2 күміс, 4 қола бар. Биылғы Азия ойындарына 410 спортшы бақ сынауда», – деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ.

Азия ойындарына Моңғолиядан 3 қазақ спортшы қатысуда
Фото: «Kaznews»

Құлжа қаласында ақындар айтысы өтті «Іле ақпараты» сайты

Іле қазақ автономиялы облысында тұңғыш рет «Жібек жолы шұғыласы. «Алтын домбыра» атты ақындар айтысы мәдени-туризм мерекесі басталды. Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Іле ақпараты» сайты хабарлады.

Аталған айтулы мәдениет және туризм мерекесі 15 қыркүйекте Құлжа қаласының «Жібек жолы шұғыласы» саяхат қалашығында басталған.

Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, ақындар айтысы – қазақтың кеңінен таралған ежелгі өнері. Бұл өнерде қазақтың ән-күй музыкасының ортақ көрінісі бар деуге болады. Сондықтан айтыс Қытай елінде 2006 жылы материалдық емес мемлекет дәрежедегі мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Бұл жолы Құлжа қаласында өткен ауқымды іс-шараға Шыңжаң автономиялы өлкелік қазақ айтыс өнерін зерттеу қоғамы бастығының орынбасары, Іле облыстық мәдениет зерттеу орны бастығының орынбасары Айтуған Мұратұлы қатысқан. Ол айтыс – әртүрлі өнердің бір адам бойына жиналған ерекше өнер екенін тілген тиек етті.

Айтуынша, осы жолғы мәдени шараның өткізілуі – Іле облысының дәстүрлі ән-күй түріндегі материалдық емес мәдени мұраларын қорғауды жалғастыру.

Құлжадағы мәдени туризмді дамыту бағытында өткен өнер мерекесін Автономиялы өлкелік қазақ айтысын зерттеу қоғамы ұйымдастырып, ақындар айтысы, қобыз тарту, күй орындау, терме айту қатарлы өнер түрлерінен бәйгелер өткен. Сонымен қатар дәмді тағамдар, қолөнер бұйымдары, ұлттық киім үлгілерінің көрмесі сынды алуан түрлі іс-шаралар өткізілген.

6 жыл бойы тігілген ұзындығы 22 метрлік кесте «Чиңмиң шаңхы сызбасы» келушілер назарын өзіне аудартты. Туындыны Үрімжі қаласындағы кестеші Жазира Рақышқызы өз қолымен тіккен.

Құлжа қаласында ақындар айтысы өтті
Фото: kazakh.ylxw.com.cn

Шыңжаңдық шебердің жасаған киіз үйлеріне тапсырыс артып келеді – «Халық газеті»

Қазақтың киіз үйлерін малшылар «көшпелі үй» деп санайды. Дәлелхан Хабидешұлы 50 жылдан астам уақыт қазақ киіз үйін жасау дәстүрін жалғастырып келеді. 2008 жылы киіз үй жасау шеберлігі Ұлттық материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. Содан кейін Дәлелхан «киіз үй жасаудың» өкіл мұрагері атанды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

«Киіз үйді жасау процесі күрделі және әшекейлейтін жерлері өте көп. Оның безендірілуі қазақ халқының табиғи байлықты бағалап, ондағы даналық пен парасаттылықты шығармашылық тұрғыда пайдаланғанын көрсетеді», деп жазады қытайлық басылым.

Үй жасаушы шебер Дәлелханның айтуынша, үйдің қаңқасы қарапайым болғанымен, оның әрбір бөлігі өте ұқыптылықты қажет етеді. Киіз үйдің шаңырағы мен керегелері үшін жіңішке қызыл талдар, ал есік пен оның жақтауына қарағай керек. Бір-біріне ұқсамайтын ағаштардың иілгіштігі мен төзімділігі де өзгеше. Сонымен қатар керегені көктейтін жіптер негізінен сиыр немесе түйе терісінен жасалады. Шебер керегенің негізгі ағашы үшін қызыл тал керек екенін айтады. Ал үйді жасау барысында бір де бір шеге жұмсалмайды.

Сонымен қатар Дәлелханның жасаған киіз үйлері әдемілігімен ғана емес, өте беріктігімен халықтың ықыласына бөленіп келеді екен.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, саяхат аумақтарына тігілетін киіз үйлерге тапсырыстың көбеюіне байланысты шеберден кеңес сұрайтындар артқан. Көптеген қазақ малшылары жайлауда киіз үй тігіп, той-томалақ, ас беру секілді жиындарды өткізеді. Тіпті мереке-мейрамдарда бас қосқанда, киіз үйден ыңғайлы орын болмайды екен.

Сонымен қатар Шыңжаңның туризм индустриясы дамып, дәстүрлі киіз үйлер көптеген саяхат өңірлерінде тігіледі. Бұл Шыңжаңның ішінде және одан тыс жерлерде, тіпті шетелден келетін туристердің қазақтың дәстүрлі дала тұрмысына деген қызығушылығын арттырды.

Құлжа қаласында ақындар айтысы өтт
Фото: kazakh.ylxw.com.cn

Өзбекстан мен Қазақстан өзара сауда индексін 10 миллиард долларға жеткізбек – «ӨзА»

22 қыркүйекте Ташкент қаласында Өзбекстанның Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Кудратов пен Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, диалог барысында тараптар ағымдағы бірлескен жобалар мен келісімдерді жүзеге асыру барысы, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық, көлік-логистика және өңіраралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқыланған.

Екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің ұлғаюы аталып өткен. Кейінгі 6 жылда бұл көрсеткіш 2,5 есеге жуық артып, 4,6 миллиард долларды құрапты. Осы тұрғыдан алғанда өзара сауда көлемін одан әрі арттыру және оның ауқымын кеңейту бойынша міндеттер айқындалған.

«ӨзА»-ның дерегінше, таяу жылдары азық-түлік, тоқыма, автомобиль, электр жабдықтары, қара металдар, мұнай-газ өнімдерін жеткізу есебінен сауда көрсеткіштерін 10 миллиард долларға жеткізуге қосымша мүмкіндіктер бар екені айтылды.

Өзбекстан мен Қазақстан өзара сауда индексін 10 миллиард долларға жеткізбек
Фото: uza.uz/kz

«Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты кітап шықты «TRT»

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер саны біртіндеп азайып келеді.

Шетелдік жұмысшылар саны 2022 жылдың 1 қазанында 15 мың 434 болса, биылғы жылдың 1 қыркүйегінде 14 мың 571-ге дейін азайған.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Шетелдік жұмысшылар саны былтыр 15 мыңнан асса, биыл 14 мың 571-ге дейін азайды. Оның ішінде 527 адам басшы және көмекші санатында жұмыс істесе, 2732 адам құрылымдық бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді.

Айта кетейік, шетелдік жұмысшылардың басым бөлігі сарапшы және білікті жұмысшы ретінде жұмыс істейді.

Жұмыспен қамту салаларының ішінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі секторлары алдыңғы қатарда.

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің 26,2 пайызы – Қытайдан, 13,3 пайызы – Өзбекстаннан, 9,2 пайызы – Түркиядан, 9,4 пайызы Үндістаннан келген.

«Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты кітап шықты
Фото: trt.net.tr

Сондай-ақ аталған басылымда «Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты кітап шықты» деген тақырыптаақпарат жарияланды.

«Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты кітап әр елдегі оқырмандарға ұсынылады. Юнус Эмре институты дайындаған «Түркия мәдениетінің әліпбиі» атты кітап Ыстанбұл заманауи өнер мұражайында таныстырылды. Институт төрағасы, профессор Шереф Атеш бұл еңбектің түрік мәдениетін таныту үшін жүзеге асырылған арнайы жоба екенін айтты.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Анадолыда қалыптасып, күллі әлемге нұр шашқан түрік мәдениетінің бай және көне тарихына тоқталған Ш. Атеш әлемде түрік мәдениеті мен түрік тіліне деген қызығушылықтың тез артып келе жатқанын атап өткен.

Туындының бас редакторы, профессор Шабан Көктүрік болса: «Бұл кітапта түріктердің өнері, сәулеті, музыкаы, асханасы, киім-кешегі, әдебиеті, әзіл-сықақтары, сыйлық беру дәстүрі және қолөнері сынды көптеген тақырыптар қамтылған», - деді.

«Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты еңбек ағылшын, француз, орыс және араб тілдеріне аударылмақ.

«Түрік мәдениетінің әліпбиі» атты кітабы шықты
Фото: trt.net.tr

Шыңжаңның басым бөлігінде қар жауып, кей өңірде оның қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткен CNR

Өткен аптаның соңындағы күшті суық ағысының ықпалынан Шыңжаңның көп жерінде қар жауып, айналаны ақ ұлпа басқан.

23 қыркүйек түнінен бастап, Алтайдың таулы өңірлерінде қар жауды. Атап айтқанда, Буыршын ауданының Қанас пен Қом демалыс аумағында, Көктоғай ауданының Көктоғай халықаралық қар шаңғы демалыс орны және Жеменей ауданы сияқты жерлерде қапалақтап қар жауды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат агенттігі.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 24 күні кешке дейін, теңіз деңгейінен биіктігі 1500-метрден асатын кейбір таулы өңірдерде жауған қардың қалыңдығы 30 сантиметрден асқан.

Сонымен қатар осы уақыттарда Алтайдың Шіңгіл ауданы, Іле облысындағы Текес ауданы, Үрімжі ауданының таулы өңірлері және шығыс Шыңжаңдағы Құмыл қаласының Бәркөл ауданында да қар жауған.

Шыңжаңның басым бөлігінде қар жауып, кей өңірде оның қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткен
Фото: kazakcnr.com