Шегірткеге қарсы күрес цифрландырылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігінде вице-министр Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенде (АӨК) мемлекеттік бақылауды күшейту және шегіртке зиянкестерімен күрестің тиімділігін арттыру үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті. 

техника
Фото: Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы

Оған облыс әкімдіктері өкілдері қатысып, тұқым шаруашылығы мен астық нарығы салаларындағы инспекциялық қызметтің негізгі міндеттері, сондай-ақ фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды. Мемлекеттік бақылаудың тиімді жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына кепілдік берудің, тәуекелдерді төмендетудің және саланың тұрақты дамуының негізі екені айтылды.

АӨК-де мемлекеттік бақылау күшейтіліп, шегірткеге қарсы күрес цифрландырылмақ
Фото: АШМ

Бірқатар бағыт бойынша, атап айтқанда тұқым шаруашылығы мен астық нарығында тексеру көлемі жеткіліксіз болғандықтан, жергілікті атқарушы органдарға бейінді мамандар санын арттыру және жергілікті жерлерде қадағалау қызметін күшейту мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сонымен қатар, саланы реттеуді жетілдіруге бағытталған нормативтік-құқықтық базадағы проблемалық мәселелер мен алдағы жоспарлар назардан тыс қалмады.

Фитосанитариялық қауіпсіздік бөлігінде әкімдіктерге АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс шараларын жүргізуді үйлестіруді күшейту және олардың таралуының алдын алу, соның ішінде көршілес мемлекеттер аумағында да бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Бүгінде зиянкестер ошағын уақтылы анықтауға, қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және қабылданатын шаралардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік беретін мониторинг пен болжаудың цифрлық құралдары белсенді қолданылуда.

Қабылданған шешімдер мемлекеттік бақылау жүйесін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетелік 2026 жылы шегірткеге қарсы химиялық өңдеу көлемі 2,2 млн гектар болады

Соңғы жаңалықтар