17:57, 11 Қазан 2013 | GMT +5
Шекара бұзған қырғызстандық төрт азамат ұсталды
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Тараз шекара отрядына қарасты «Аспара» заставасының шекара наряды застава маңынан 7 шақырымдай қашықтықта мемлекеттік шекараны бұзып, елімізге төтесінен тартып келе жатқан қырғызстандық 4 азаматты ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Дегенмен, шекарашыларды көрген шекара бұзушылар да қарап қалмады, шамалары келгенше қарсылық көрсетіп бақты, нәтижесінде шекарашылардың біреуі дене жарақатын алды.
Шақырылмаған қонақтарды тоқтату үшін, сондай-ақ нарядтың өмірі мен қызметіне төнген қатердің алдын алу мақсатында бір рет аспанға оқ атуға тура келді.
Шекара бұзушылар ұсталды. Тексеру кезінде олардың біруінің аузынан қаракөкшіл түсті, өсімдік тектес зат салынған, өзіндік иісі бар, салмағы 3 грамдай болатын полиэтиленді пакет табылды.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде.