Шекара маңындағы жұртшылық тұрмыстың тауқыметін тартып отыр - Сенат депутаты С. Еңсегенов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осылай мәлім етті.
Сенатордың айтуынша, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі үш селолық округке кіретін 9 елді мекенде 8 мыңға жуық адам тұрады. Аймақ аудан орталығынан 300, ал облыс орталығынан 600-ге жуық шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан орталығымен екі ортада автокөлік не темір жол қатынасы жоқ. Жылдың көктем, күз және қыс айларында қатынас қиындап, кей уақыттарда ол ауа райының жайсыздығынан тоқтатылады.
«Азғыр өңірі үшін ең жақын орналасқан Ресей Федерациясының Астрахан облысының елді мекендері. Ертеден екі шекаралық аймақ арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Бірақ, бүгінгі күнге шекарадан өтуде қалыптасып отырған жағдай Азғыр өңірінің тұрғындары үшін үлкен қиындықтар туғызып отыр», - дейді С. Еңсегенов. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы шекараны кесіп өту Қазақстан мен Ресей Үкіметі арасындағы шекара маңындағы аумақтар тұрғындарының мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі туралы 2007 жылғы 21 шілдеде қабылданған келісіммен реттеледі.
«Келісімге сәйкес Азғыр өңірінде екі: Балқұдық-Қарабалы және Жалғызапан-Басқұншақ аумағында шекараны кесіп өту орны белгіленген. Бұлар ықшамдалған өткізу пункттері болып есептеледі. Осыған байланысты, тұрғындар Ресей Федерациясының көрші ауданына тек үш тәулікке дейінгі мерзімге бара алады және әр адамға 35 келіден артық жүк алып өтуге рұқсат етілмейді. Олар Ресейдің басқа елді мекендеріне бара алмайды. Бұл Азғыр өңірінің тұрғындары үшін тұрмыстық қиыншылықтар туғызуда. Олардың мал өнімдерін Ресейдің көршілес өңірлеріне шығарып сатуына мүмкіндіктері жоқ. Сол сияқты, тұрғындарды күнделікті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіп жүрген жеке кәсіпкерлер жұмысы да шектеулі», - дейді сенатор. Оның сөзіне қарағанда, өңір тұрғындарына мал өнімдерін, ал кәсіпкерлерге 300 шақырым қашықтықтағы аудан орталығынан жолсыз жермен тауарларын тасымалдау тиімсіз. Бұл айналып келгенде, ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті дамытуға кері әсерін тигізіп және тұрғындар тарапынан орынды реніштерін туғызуда.
«Қалыптасқан жағдайды Азғыр өңіріндегі шекараны кесіп өту орнын шекарадан өткізу пункті мәртебесіне өзгерту арқылы шешуге болады. Ол үшін жоғарыда аталған Келісімге және қажеттігіне байланысты Ресей Федерациясымен екі арадағы басқа да келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Шалғайда табиғаты қатал, жол қатынасы қиын шекаралық аймақта өмір сүріп жатқан азаматтарымыздың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызу мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға осы мәселені жан-жақты қарап, қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді дайындау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын», - деді сенатор С.Еңсегенов.