Шекарадағы 6 автомобиль өткізу пунктінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға дейін 36 автомобиль өткізу пункті қайта жаңартылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.

«Жібек жолы» өткізу бекеті, кедендік бақылау аймағы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Тағы да бір маңызды бағыттардың бірі — шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту. Бүгінгі таңда мемлекеттік шекара бойында 52 өткізу пункті жұмыс істейді. Оның ішінде Еуразия экономикалық қауымдастығы елдері арасында 38 пункт, сыртқы шекарада 14 пункт бар. Биыл Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа Жол және Қосақ өткізу пункттерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған. Қаржыландыру көлемі — 51 млрд теңгені құрайды. 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарға сәйкес 36 автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту көзделген, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар ол жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мәселесіне тоқталды.

— Республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 1 500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары орналасқан. 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен қосымша 36 жаңа нысан ашу жоспарлануда. Оның ішінде: 22 жанармай құю станциясы (ЖҚС) және 14 кафе. Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған. Нәтижесінде республикалық автожолдар бойындағы санитарлық тораптардың саны 181 бірлікке жетпек, — деді Дархан Иманашев.

Бұған дейін Қырғыз Республикасы мен Қазақстан шекарасында тоғызыншы арнайы өткізу бекеті салынатынын жазған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар