Камбоджа мен Таиланд Малайзия бастамасымен бітімге келуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Камбоджа премьер-министрі Хун Манет өз елі мен Таиланд арасындағы шекаралық қақтығыстан кейін Малайзия премьер-министрі Энвер Ибрагим ұсынған бітім ұсынысын қабылдағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында Таиландпен шекарадағы қақтығыстан кейін Энвермен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.
Премьер-министрдің айтуынша, Энвер тараптарды бірден бітім жариялауға шақырған және Камбоджа бұл ұсынысты қабылдаған.
Хун Манеттің мәліметінше, Энвер Таиландтың Премьер-министрі міндетін атқарушы Пхумтхам Вечаячаймен де келіссөздер жүргізген және Таиланд тарапы да бітім туралы ұсынысты қабылдаған.
Алайда оның айтуынша, Таиланд тарапы Энвер ұсынған бітім келісіміндегі шабуылдарды тоқтату мерзімі мен уақытына келіспей, кейінгі уақытты ұсынған.
— Таиланд пен Камбоджа арасындағы қазіргі қарулы қақтығысты шешудің жолы — Таиландтың бітімді қабылдауға дайындығында, — деді Хун Манет.
Малайзия премьер-министрі Энвер Ибрагим де Хун Манет және Пхумтхам Вечаячаймен келіссөздер жүргізгенін растады. Келіссөздер нәтижесінде тараптар бітімге келуге оң ниет танытып, бұл мәселені талқылауға дайын екендіктерін білдірген.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекарадағы шиеленіс
Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Таиланд пен Камбоджа елдерін 817 шақырымдық шекара бөліп жатыр. Бұл елдер арасында ұзақ уақыттан бері аумақтық дау-дамай бар.
28 мамырда Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық келісімді бұзу салдарынан өңірде қысқа мерзімді қақтығыс болып, екі елдің әскерилері қақтығысты бейбіт жолмен шешуге уағдаласқан.
Таиланд Камбоджамен шекарадағы барлық өткізу бекеттері Бангкок үкіметінің бақылауына алынатынын жариялаған болатын.
Арада шамамен екі ай өткен соң, жаңа шекаралық қақтығыстан кейін Камбоджада 1 адам, Таиландта 14 адам қаза тапты. Екі ел де аталған аймақтан мыңдаған адамды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Қарулы қақтығыстың басталуына қатысты екі тарап та бірін-бірі алғаш оқ атты деп айыптап отыр.
Бұған дейін Таиландтың Шекараны қорғау қолбасшылығы Чантхабури мен Трат провинцияларындағы сегіз ауданда әскери жағдай енгізілгенін жариялады.