Шекараны заңсыз кеспек болған жерінен ұсталған жігіт халықаралық іздеудегі қылмыскер болып шықты - Жамбыл облысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше 16:15-тер шамасында «Мерке» шекаралық тексеріп-өткізу бекетінің (Қазақстан-Қырғыз шекарасы) «Сыпатай батыр авто» бөлімшесінде шекарашылар біздің елімізден көрші елге қарай жаяу өтіп бара жатқан 1979 жылы туған «Раим» есімді Қырғыз Республикасының азаматын ұстады. Ұстаудың бастапқы себебі миграциялық қағазының жоқтығы болатын. Бұл азаматтың Қазақстанда заңсыз жүргеніне төртжарым жыл болған көрінеді. Елін аңсаған болу керек, қайтып бара жатқан беті екен.
Азаматтың өмірбаянының «тазалығын» ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы тіркеу комитетінің ақпараттық сервисі арқылы тексеру нәтижесінде бұл адам көрші мемлекеттің Чу облысыныда Қырғыз Республикасы Қылмыс кодексінің 164-бабының 3-бөлімінің 4-тармағы (өзгенің мүлкін тұрғын жайына немесе басқа да ғимаратқа заңсыз кіре отырып ұрлау) бойынша қылмыс жасағандығы үшін халықаралық іздестіруде жүрген, кездескен жерде тұтқындалуы тиіс қылмыскер екендігі анықталды. Ұсталған азамат Жамбыл облысының Мерке аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.